Министр: Тәуелсіздіктің тағылымы – тереңде

5 Қаңтар 2021, 14:37
1636
Бөлісу:
Министр: Тәуелсіздіктің тағылымы – тереңде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің тағылымы – тереңде. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласына қатысты осылай деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздік туралы тағылымға толы толғанысын, бүгінгі бас басылымға шыққан бас мақаласын оқығаннан кейін ойыма келгені осы болды. Мен тереңдікті ауызға алғанда тек тарихтың тезіне, жылдардың жаңғырығына салған жоқпын, ойдағы, санадағы, тәрбиедегі, сол арқылы келетін әрбір азаматтық істегі іргетасқа, түп негізі мен тамырына бойлауды меңзедім. Шынында да қасиетті де қастерлі азаттық ұғымы әрбіріміз үшін көзіміздің қарашығындай, жанымыздан да артық көретін киелі дүниеге айналуы тиіс. Бұл үшін, әлбетте, сол ұғым мен көзқарас санаға сіңуі тиіс - дейді министр.

Иә, бұл үшін, Президент өз мақаласында жазғандай, егемен елде туған санасы сергек, өресі биік жас ұрпаққа тәуелсіздік тағылымының тереңде екенін кеңірек түсіндіретін жүйелі жұмыстарды мақсатты түрде жүргізген жөн. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы тарихи жанрдағы кино туындыларға айрықша көңіл бөліп отыр. Өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән беру керегін жеткізді. Және аталған бағытта түсірілген «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи деректі және көркем фильмдерді мысалға келтірді. Осы тұста Мемлекет басшысы айтқан сөзбен толықтай келісеміз. Сондықтан олардың қатарын толықтыруға баса назар аударатын боламыз, - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бөлек еліміздің тарихындағы биік белестің бірі – Тәуелсіздіктің отызыншы жылындағы басты бағыттарымыз айқындалған мақалада туған жеріміздің киелі де көрікті жерлеріне көңіл аударылған. 

Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуі тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек», деп қадап айтты Президент. Дәл осы сөзде отандық туризмді ілгерілетуге бағытталған іргелі істердің тұрғаны анық. Ішкі туризмді қолға алып дамыту кезек күттірмейтін іс шара екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Ақиқатында нақ сол отандық туризмге көңіл бөлу жас ұрпақты тәуелсіз елдің таңғажайыптарымен таныстырып, олардың өз өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырудан басталуы керек. Өйткені туған жердің көрікті мекендерімен кеңінен таныс, жерін сүйетін, танымы терең тұлға ғана елінің құндылықтарын өзгеге таныта алады. Жыл басында бас басылымда жарық көрген осынау мағынасы терең мәні зор, санаңды сілкіп, ойыңды қозғайтын бұл мақала нақты іске игілікті қадамдарға бастап отырғандықтын  министрліктің жоспарының  басты бағытының негізі болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бұл еңбегі айтулы, тарихи жылдағы әрбір ісімізге бағыт берер, бастамашы болар, маңызды мүддемізді әрдайым жадымызда жаңғыртып жүрер аталы сөзге айналары анық, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы