Министр су саласының қызметкерлеріне алғыс айтты

6 Маусым 2024, 17:45
410
Бөлісу:
Министр су саласының қызметкерлеріне алғыс айтты
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласының мамандарына су тасқыны кезінде атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті су саласының қызметкерлері, әріптестер, Сіздерге су тасқыны кезінде атқарған жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің нәтижесінде осындай орасан зор жұмыс атқарылды. Облыстарға жұмыс сапарымда су қоймаларына арнайы бардым, Сіздердің қалай жұмыс атқарып жатқандарыңызды көрдім. Тәулік бойы кезекшілікке көшіп, тасқын суды жинап, қайта бағыттау, қауіпсіз өткізу, қазақстандықтарды маңызды ақпаратпен тұрақты қамтамасыз ету және көршілес мемлекеттердегі әріптестерімен дерек алмасу бойынша ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз көпшілікке көрінбеуі мүмкін, себебі, елді мекендерден шалғай жерде жұмыс істейсіздер, - деді министр.

Министр әркімнің еңбегі орасан зор екенін атап өтті.

Құтқарушылар секілді үйлерге кіріп, құтқармайсыздар, полиция қызметкерлері сынды көмекке келмейсіздер, дәрігерлер секілді медициналық көмек көрсетпейсіздер немесе мұғалімдер сынды сабақ бермейсіздер. Сіздер әр үйді, әр кәсіпорынды және бүтін елімізді ең құнды ресурс – сумен қамтамасыз ету үшін ауқымды, бірақ, көріне бермейтін жұмысты атқарасыздар. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіз орасан зор, оны асыра бағалау мүмкін емес. Сіздер су құбырларын салып, каналдарды тазалап, су қоймаларын күзетіп, кезекшілікте болып, отбасыларыңызды сирек көресіздер. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз болмаса ауылшаруашылығы, экономика, өнеркәсіп, коммуналдық және т.б. салалардың сапалы жұмысын елестету мүмкін емес, - деді ол.

Ол қолайлы жағдай жасау үшін жалақыны көтеру бойынша жұмыс істеліп жатқанын айтты.

Сіздерге қолайлы жағдай жасау үшін жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Жалақы кезең-кезеңімен өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 23%-ға, ал, еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін қызметкерлердің айлықтары 1-ші мамырдан бастап орта есеппен 25%-ға артты. Елімізде суды үнемдеуге және оны қайта пайдалануға бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық базаны құру да маңызды. Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және су үнемдейтін озық технологияларды енгізу де Сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетеді, - деді Нұржігітов.

Ол Су кодексі әзірленгенін атап өтті.

Біз жаңа Су кодексін әзірледік. Құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық беріледі, ал, ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды. Су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі. Ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Елді мекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту Тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді салу және реконструкциялау, цифрландыру, су үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ экология және іргелес мемлекеттермен ынтымақтастық мәселелері қарастырылған, - деді ол.

Министрлік 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салуды және 15 су қоймасын реконструкциялауды, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Осы іс-шараларды іске асыру тасымалдау кезінде су шығынын азайтуға және қосымша 2,4 млрд текше метр су жинауға, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2030 жылға дейін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі кешенді жоспар әзірледі. Жоспарда 133 гидротехникалық құрылысты, 7700 шақырымнан астам ирригациялық жүйені және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңарту, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген, - деді ведомство басшысы.

Қазақстанның су қоймаларына 75 млрд текше метрден астам су жиналды.

Биыл еліміз әдеттен тыс су тасқынына тап болды. Алайда, сіздердің жанқиярлық жұмыстарыңыз бен тәжірибелеріңіздің нәтижесінде біз апат салдарын азайтып, жүздеген елді мекендерді су басу қаупінің алдын алдық. Сондай-ақ, Қазақстанның су қоймаларына 75 млрд текше метрден астам су жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд-қа артты. Жиналған су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады. Біздің су шаруашылығы нысандары суды қауіпсіз өткізумен қатар, тасқын суын соңғы жылдары құрғауға айналған сағаларға, көлдерге және басқа да су айдындарына жіберуге, сондай-ақ мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деді ол.

Мәселен, Іле өзенінің деңгейінің жоғарылауының нәтижесінде Балқаш көліне шамамен 3,3 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік пайда болды. 

Қызылорда облысының көлдеріне Ұлытау облысынан 948 млн текше метр су жіберілді. Жайық өзенінен Жайық-Көшім лиманды суару жүйесіне кемінде 607 млн текше метр су жіберілді, бұл 65 мың гектардан астам шабындық пен жазғы жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүйе бойында орналасқан су қоймалары мен көлдерді толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Каспий теңізіне 5,7 млрд текше метрден астам су жіберуге, сондай-ақ, соңғы жылдары тартылып қалған Батыс Қазақстан облысының табиғи көлдерін толтыруға мүмкіндік туды. Министрлік тасқын суын басқару бойынша дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесін ескере отырып, су саласын дамыту тұжырымдамасын толықтыратынын атап өтемін. Бұдан бөлек, тасқын суын басқаруды және құрғақшылық салдарын азайтуды көздейтін ұзақ мерзімді құжат әзірленеді. Бұл нәтижелерге біз сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында қол жеткіздік. Барлықтарыңызға зор денсаулық, бақыт, бейбіт аспан және жақындарыңыздын амандығын тілеймін, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы