Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы отандық агросектор өнімін Таяу Шығысқа экспорттауды жеңілдету үшін Қазақстан мен Сауд Арабиясының күш-жігерін біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ербол Қарашөкеев Корольдіктің қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлимен кездесті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министр Сауд Арабиясына экспортталатын өнім тізіміне ет пен балдың 34 отандық өндірушісі енгізілгенін, қазіргі күні алғашқы өнімнің жеткізілгенін айтты. Алайда тамызда Saudi Halal Centre рұқсатын алуды қажет ететін жаңа ереже енгізілген.
Министр Сауд Арабиясының делегациясына ауыл шаруашылығы өнімдерін сынау үшін Қазақстан аумағында сертификатталған халал-орталық ашып, Корольдікке жеткізуге рұқсат беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, - деп атап өтті ведомство.
Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының пікірінше, мұндай орталық қазақстандық метрология және стандарттау институтында орналасуға тиіс.
Сонымен қатар кездесу барысында қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылығын атап өтті. Ол Сауд Арабиясы компанияларын Сауд Арабиясына және ары қарай экспорттау үшін Қазақстан аумағында өндірістер ұйымдастыруға шақырды. Кездесу аясында "Динара Групп" агрохолдингінің өкілі ауыл шаруашылығы жобалары бойынша инвестициялық ұсыныстарды таныстырды.
Ербол Қарашөкеев Араб тарапына "Бәйтерекпен" бірлесіп аграрлық қор құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сауд Арабиясының аумағының көп бөлігі құрғақ шөлді, бұл Корольдікті әлемнің басқа елдерінен азық-түліктің 80%-тен астамын импорттауға мәжбүр етеді. Қазіргі уақытта патшалық жерінің шамамен 1,5%-ы ғана егістік жерлерге жарамды, өйткені қоршаған орта жағдайлары қатал және экстремалды температураға байланысты ауыл шаруашылығына қолайлы емес, деп еске салды ведомство.