Министр полицейлердің мектепті күзетуіне қатысты пікірін айтты

8 Қараша 2021, 12:03
3018
Бөлісу:
Министр полицейлердің мектепті күзетуіне қатысты пікірін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Үкімет сағатында» Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мектептерді полицейлердің күзетуіне қатысты пікірін айтты.

Мәжіліс депутаты білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігіне алаңдап, ІІМ мен БҒМ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жүзеге асырып жатқанын сұрады. Сондай-ақ депутат қазіргі таңда мектеп пен балабақшаларды күзетуді полицейлерге тапсыру қарастырылып жатыр ма деп сұрады.

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев жоғарыда қойылған сұраққа қатысты пікірін білдірді.

Қазанда болған оқиғадан кейін балалардың қауіпсіздігі жергілікті атқарушы органдардың (Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің – министр) басты міндетіне айналды. Бүгінгі күні екі министрліктің бұйрығымен мектепке кіргізуге болатын заттардың шектеулі тізімі жасалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс пен аудан орталықтарындағы барлық мектепті тексердік. Нәтижесінде оларды қауіпсіздікті қамтамасыз ететін техникалық құралдармен жабдықтау алгоритмі анықталды. Атап айтқанда, дабыл түймесі, видеобақылау, арнайы қорғау құралдары, - деп түсіндірді ол.

Сөзінше, бүгінгі күні мектептер видеобақылау жүйесімен 100%, дабыл түймесімен 30%, арнайы мамандандырылған күзет қызметімен 30% қамтылған. Бұл жыл соңына дейін 100%-ға жеткізіледі.

Мектептерді полицейлердің күзету мәселесіне келер болсақ, мен полицейлердің мектепті күзеткені дұрыс деп ойламаймын. Себебі күзет қызметінің функциялары бөлек. Ол балалар колониясы емес қой. Ол – жабық мекеме емес. Мектеп – ол балалар білім, тәрбие алатын орта, - деп айтты Тұрғымбаев.



Өзгелердің жаңалығы