Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық оқушыларды неліктен III тоқсанда аралас оқыту туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.
Бұл мемлекеттік емтихан тапсыратын балаларға қатысты өте маңызды шешім. Олардың білім алуы өте маңызды, - деді ол.
Министр бағдарламаның 70%-ы дәстүрлі және 30%-ы қашықтан оқытылатынын айтты. Яғни ҰБТ-ға қажетті пәндер дәстүрлі форматта, ал қалғандары қашықтан оқытылады.
Санитарлық нормалар бойынша талаптар сақталады. Бір кабинет, қоңыраулар әр түрлі уақытта өзгереді, әлеуметтік арақашықтық сақталады. Санитарлық талаптар бұрынғыдай қалады. Өзгерістер жоқ. Білім министрлігі ретінде балалардың дәстүрлі форматта білім алуын қолдаймыз. Бірақ санитарлық нормалар басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.
Айта кетейік, дәстүрлі форматта оқитын сынып 2 топқа бөлініп оқытылады.
Естеріңізге сала кетейік, ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысында білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданған болатын:
- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
- II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.