Министр: Маңғыстауда туризм ағынын 4,6 есеге арттыру көзделіп отыр

25 Қаңтар 2022, 10:54
1283
Бөлісу:
Министр: Маңғыстауда туризм ағынын 4,6 есеге арттыру көзделіп отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспардың қалай іске асырылатынын айтты.

Оның атап өтуінше, Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 117,9 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,6 трлн теңге.

Өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу және басқа да іс-шаралар жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда, - деді Қуантыров.

Оның мәлімдеуінше, туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген.

Сонымен қатар 1059 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 87,9 шақырым электр желісін, 116 шақырым жылу желісін салу әрі жөндеу, сондай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының 9 жобасын салу жоспарланып отыр. Әлеуметтік саланы дамыту аясында аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жарақтандыру және тағы басқалары қарастырылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28%-ға, туристер ағыны 4,6 есеге артады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жетеді, сондай-ақ 4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы