Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық туралы өткен Үкімет отырысында айтты.
Соңғы жылдары Қарағанды облысында «АрселорМиталл Теміртау» 2-жылу орталығы қазандықтарының нашар техникалық жағдайына байланысты жиі істен шығуының салдыранынан Теміртау қаласының тұрғындарына жылу энергиясының тапшылығы байқалды. 2-жылу жылу орталығы негізгі жабдықтарын жөндеуге бөлінетін қаражат физикалық тозу мен апаттық деңгейін төмендетпейді. Оның ескіруінің орташа көрсеткіші 77 пайызды құрайды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, жылыту маусымында 5 қазандық жұмыс істеп, бір қазандық резервте болуы тиіс.
Электр энергиясы жылу қуатынының төмендеуі салдарынан Теміртау қаласының тұтынушылары 2 тәуліктік жылу тапшылығын көрді. Осы дерек бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті наурызда «АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның 2-жылу орталығына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша қазандықтарға қойылатын талаптардың бұзылғаны анықталды, - деді ол.
Министр Түркістан облысының Кентау қаласында да осы сынды мәселелер бар екенін айтты.
«Кентау сервис» МКК-де отын сатып алу және жөндеу жұмыстары мәселесі бар. Келесі жылыту маусымын өткізу үшін отын сатып алуға 1 млрд 273 млн теңге қажет. Түркістан облысының әкімдігі отын алу үшін қаржы бөлуді уақытылы жүзеге асыруы тиіс, - деді ол.