Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Халықтың табысын арттыру бағдарламасына қатысты баяндамасында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Барлық шараны орындағанымен, егер инфляцияны ауыздықтамасақ, күтілетін нәтижеге жете алмаймыз, - деді министр.
Ол биыл сәуірде жылдық инфляция 2022 жылғы 20,3%-дан 16,8%-ға дейін төмендегенімен, оны 2 есе төмендету міндеті тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ республикалық және өңірлік бағдарламаларды орындау қандай нәтиже беруі керегін айтты.
2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесі 41,1%-ға жетеді, жалпы табыстардағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі 86,7%-ды, жыл сайын жұмысқа орналастырылатын азаматтардың саны 480 мың адамды, күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 5%-ды, жұмыссыздық деңгейі 4,6%, - деді ол.
Бағдарламаның барлық ұсынылған шарасы әрбір өңірде және әрбір азамат үшін әл-ауқат пен өмір сүру сапасын арттыруға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыруға, сондай-ақ мониторингті жақсартуға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Бұл ақпараттар Мәжілістегі AMANAT партиясы фракциясының мүшелері халықтың табысын арттыру бағдарламасын талқылау барысында айтылды.