Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Kazakhstan Energy Week – 2025 форумының пленарлық отырысында еліміздің энергетика саласындағы халықаралық орны мен стратегиясы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан әрдайым және бүгінге дейін халықаралық энергетикалық жүйенің маңызды буыны болып қала береді. Бізде мұнай, газ, көмір және жаңартылатын энергия көздерінің мол қорлары бар, сондай-ақ осы ресурстарды игеруге қажетті сенімді инвестициялық климат қалыптасқан, – деді министр.
Министрдің сөзінше, халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор.
Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Біздің бастамамызбен 2030 жылға дейінгі стратегиялық энергетикалық күн тәртібі жасақталуда. Бұл шекаралар арқылы жобаларды іске асыруға, технологиялармен алмасуға және энергетикаға қаржы тартуға мол мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Қазақстанның OPEC+ механизміне қатысуы да маңызды рөл атқарады.
Өндіріс көлемін реттеу келісімдерін сақтау және серіктестермен конструктивті диалог жүргізу жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын нығайтып, біздің жауапты әрі болжамды әріптестік қағидаттарына адалдығымызды көрсетеді, – деді министр.
Сонымен қатар Қазақстан Халықаралық жаңартылатын энергия агенттігі (IRENA), Әлемдік мұнай кеңесі, Түркі мемлекеттері ұйымы, БҰҰ-ның Экономикалық комиссиясы және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Осылайша, Қазақстан көпвекторлы және тұрақты энергетикалық саясатты қалыптастырып, халықаралық серіктестікке негізделген энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, жаңа инвестициялар тартуда, – деп түйіндеді министр.
Қазақстанда соңғы отыз жыл ішінде саладағы ірі компаниялар үздіксіз жұмыс істеп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тоқтатқан жоқ. Алдағы жылдары инвестициялар одан әрі өседі.
Қазақстанның көмірсутегі әлеуеті зор. Осы ресурстарды, әсіресе геологиялық барлауды дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған жаңа механизм – Жақсартылған модельдік келісім енгізіледі. Ол салықтық және фискальдық жеңілдіктерді қарастырады, – деді министр.
Осы механизм аясында қазірге дейін 9 миллиард АҚШ долларынан астам келісімшарттар жасалды.
Сонымен қатар, мұнай өңдеу саласында терең өңдеу жобаларын іске қосу мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын кеңейту жұмыстары басталды.