Асхат Оралов «Абай»операсының қойылымында болып, шығармашылық ұжыммен кездесуде олардың еңбектерін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ министр Facebook-тегі парақшасында өткен аптада барған Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Қ. Жандарбеков атындағы театрдың қаржыландыру көлемі ұлғаятыны туралы хабарлады.
«Астана Опера» театры қойған «Абай» операсын тамашалап, шығармашылық ұжыммен кездестім. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сахналанған спектакль 2 күн бойы көрсетіледі. «Абай» - біздің опера және театр өнеріміздің классикасына айналған қойылым. Осы жылдар ішінде біз мәңгілік туындыны түрлі нұсқада тамашаладық, бірақ оның рухы өзгеріссіз қалды. Бұл, әрине, оның авторлары – Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди және Мұхтар Әуезовтің ұлылығы. Спектакльдің қоюшы-дирижері әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, режиссері Джанкарло Дель Монако. Қойылымда әйгілі итальяндық сценограф-суретші Эцио Фриджерио мен костюмер Франка Скуарчапино да жұмыс істеді, - деді Оралов.
Оның айтуынша, елімізде театр өнері өте жоғары бағалануы керек.
Өткен аптада мен Түркістан облысының шалғай ауданына (Жетісайға) барғанда Құрманбек Жандарбеков атындағы жергілікті драматеатрға соқтым. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аталған театрды қаржыландыру мөлшері ұлғайтылды, сондай-ақ шығармашылық ұжым гастролдік сапарларға шығатын болды. Театр өнерінің дамуын қолдай отырып, біз дұрыс бағытта қозғалатынымызға сенімдімін, - деп түйіндеді министр.