Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шетелдік жұлдыздардың концерттерін елімізде өткізіп жүрген бизнес өкілдерінің бастамасына қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл шаралар Қазақстанның халықаралық аренадағы танымалдығын арттырып, экономикаға оң ықпал етеді.
Бізде мұндай концерттерді қаржыландыратын мүмкіндік болмаса да, бизнестің бастамаларын барынша қолдаймыз, – деді Аида Балаева Үкімет үйінде өткен брифингте.
Министр Дженнифер Лопестің алдағы концертіне өзі де билет сатып алғанын және балаларымен бірге баруды жоспарлап отырғанын айтты.
Дженнифер Лопес – әлем мойындаған, ауқымды аудиториясы бар әнші. Оның өнерін көргім келеді, – деді ол.
Сондай-ақ министр Шакира мен Лара Фабиан сынды әлемдік жұлдыздардың концерті елімізде өтсе деген тілегін білдірді.
Мұндай концерттер шетелдік туристерді тартады. Келген қонақтар қонақүйлерде тұрып, мейрамханалар мен мәдени орындарға барады. Бұл – мультипликативті әсер береді. Яғни түсетін табыс ел ішінде қалады. Сондықтан бизнестің бастамаларына тек қолдау көрсету керек, – дейді министр.
Еске сала кетйік, бұған дейін Астанаға Дженнифер Лопес келіп, бюджетке 400 млн теңге түсетіні хабарланған.