Министр директорларға мұғалімдерді қудалауды тоқтатуды ескертті

28 Қараша 2023, 18:08
1258
Бөлісу:
Министр директорларға мұғалімдерді қудалауды тоқтатуды ескертті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аппарат отырысында директорларға мұғалімдерді қудалауды тоқтатуды ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маған қайта-қайта түсініксіз есептерді жинауға, құжат айналымының ұлғаюына қатысты педагогтерден арыз-шағымдар келіп түсіп отыр. Ұйым басшылары, білім бөлімдері мен білім басқармалары өз бетінше шешім қабылдауда. Мұны тоқтату керек. Белгіленген заң бар. «Педагогтердің мәртебесі туралы» заңды жақсы білесіздер. Оған қатысты тиісті бұйрықтар бар. Сол заңнама мен бүйрықтың аясында жұмысты сауатты ұйымдастыру керек, - деп айтты ведомство басшысы.

Бейсембаев «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтау керегін атап өтті.

Тағы да айта кететін дүние – әрбір осындай шағым үшін мектеп директорлары, білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшылары тікелей жауапты екенін естеріңізге қайта саламын. Ұжымдағы микроклиматқа мұқият болу керек. Ұстаздардың сапалы білім, саналы тәрбие беруіне барынша жағдай жасалуы керек. Әрине, талап болады. Талаптың бәрі заң шеңберінде қойылуы керек. Әрбір мұғалім өзінің алдындағы балаға сапалы білім беруге ұмтылуы тиіс. Бірақ талаптар заң шеңберінде ұйымдастырылуы керек. Артық, заң шеңберінен тыс қудалаулар немесе басқа да дүниелерді жасауды доғару керек, - деп ескерту жасады Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі мұндай мәселе туындаған сайын аудандық, облыстық білім бөлімдеріндегі және мектептердегі басшылықтың жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктері мен әлсіздігін байқататынын айтты.

Министр өңірлердегі білім басшыларына жұмысты сапалы ұйымдастыруға талпынуды ескертті.

Өзгелердің жаңалығы