Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек №111 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Ол дауыс беріп болғаннан кейін журналистердің сұрағына жауап берді.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, ең көп кандидат тіркелді. Өзін-өзі ұсынған үміткерлердің көптігі - осы сайлаудың бір ерекшелігі. Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың 82%-ы өзін-өзі ұсынғандар. Ал мәслихаттарда 60%-дан астам. Бұл саяси бәсекенің өсуі мен жоғары белсенділікті көрсетеді. Сайлауда өзім танитын бірқатар мықты азамат түсіп жатыр, - деді министр.
Сөзінше, саяси науқанға реформаларға сенбеген азаматтар да қатысып отыр.
Сайлауға отбасыммен келіп өз таңдауымызды жасадық. Жастар сайлауға белсенді қатысып жатыр. Сайлауда студенттердің дауыс беру мәселесін өте қатаң бақылауға алдық. Ешқандай мәжбүрлеу болмайды. Бұл мақсатта біз жоғары оқу орындары басшыларымен жұмыс жүргізіп, нұсқаулық берілді. ЖОО-дағы сайлау учаскелерінде талапқа сай тиісті жағдай жасалды. Студенттерді дауыс беруге мәжбүрлеген жағдайда министрлік жанынан былтыр құрылған омбудсмен Айсұлу Ерниязоваға тікелей хабарласуға болады. Ол - студенттердің құқығын қорғайтын уәкіл. Омбудсмен барлық студенттік ұйыммен тікелей байланыста, - деп айтты Саясат Нұрбек журналистерге берген сұқбатында.