Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният гастроэнтеролог дәрігер Юрий Шумковтың өліміне қатысты пікір білдірді.
Министр әлеуметтік желідегі парақшасында қоғам білікті маманнан айырылғанын жазды.
Өзімнің және министрліктің атынан дәрігердің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бейбіт заманда медицина қызметкерлеріне көзқарасы бұрыс пациенттердің қолынан дәрігерлердің қаза тауып жатқаны үлкен трагедия, - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ажар Ғиният дәрігердің отбасының қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Үш баласы жетім, ата-ана ұлдарынсыз қалды, деді ол.
Отандық медицина гастроэнтерология саласының дамуына үлес қосып, жүздеген науқасты емдеген білікті дәрігерден айырылды6 - деп қосты Ғиният.
Министр, тергеу әділ жүргізіліп, қылмыскер тиісті жазасын алады деген сенімін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумков 4 сәуір таңертең Алматының Бостандық ауданында қаза болды. Аталған дерек бойынша қаланың полициясы Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("кісі өлтіру") бойынша тергеу басталғанын растады.