Цой: Отандық фармацевтика саласы – басты назарда

9 Қыркүйек 2021, 18:18
3570
Бөлісу:
Цой: Отандық фармацевтика саласы – басты назарда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтты. 

Министрдің хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен делегация құрамында Шымкент қаласына барған.

Сапар барысында үкіметтік делегация №1 қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Медициналық мекеме күндізгі және тәулік бойғы түрлі саладағы стационардың 520 орнына есептелген. Ал биыл 15 шілдеден бастап 170 адамға арналған ковидтік стационар ашылыпты.

№1 қалалық аурухананың базасында коронавирус инфекциясының таралуын тұрақтандыру бойынша штаб құрылды. Оның барысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың негізгі кезеңдері, пациенттерді емдеудің өзекті мәселелері, өңірдегі ахуал және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету талқыланды. Штаб отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласы аумағының денсаулық сақтау басқармасына сәйкес нұсқаулықтар берілді, - деп жазды Денсаулық сақтау министрі.

Одан басқа, іссапар кезінде Үкімет мүшелері №2 қалалық емханаға, қалалық стоматологиялық емханаға, Шымкент жоғары медициналық колледжіне, «Химфарм» АҚ фармацевтикалық зауытына, «Низамхан» жекеменшік мектебі мен медициналық өнімдер өндіретін «KazMedPribor» ЖШС кәсіпорнына ат басын бұрғаны белгілі болды.

Ерекше назар отандық фармацевтика өнеркәсібі мен медициналық жабдықтар және бұйымдар өндірісін дамытуға бөлінді.

Өзгелердің жаңалығы