Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы өткен Үкіметтің онлайн отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын ұсынды.
Сіздердің қарауларыңызға 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы ұсынылып отыр. Алғашқы нақтылау коронавирус инфекциясымен күресуге және экономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында экономика мен бизнесті қолдауға бағытталған еді, - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ол баяндағандай, дағдарысқа қарсы шараларды және Президенттің жекелеген тапсырмаларын қаржыландыру үшін сол кезде бюджет шығыстары 1,4 трлн теңгеге ұлғайтылды.
Екінші нақтылаудың міндеті COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын жалғастыру және экономиканың нақты секторын қолдау. Республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайтын болады, - деп атап өтті ол.
Министр қосымша шараларды іске асыру үшін бюджет шығыстары жалпы сомасы 296 млрд теңгеге оңтайландырылатынын айтты.
Жамаубаев бюджет шығыстарын өзгерту негізінен Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы мәселелер мен басқа да тапсырмаларын орындаумен байланысты екенін алға тартты.
Қаржы басшысы негізгі бағыттарына тоқталды.
Біріншіден, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жұмыстарға қосымша 238,7 млрд теңге бөлінді. Екіншіден, экономиканы қолдау және күш құрылымдарын әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша басым шығыстарды қаржыландыруға 261,7 млрд теңге көзделген. Үшіншіден, бюджетті нақтылау шеңберінде Президент Жарлықтарына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды, - деді Ерұлан Жамаубаев 9 айға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері туралы.
Сондай-ақ министр қабылданып жатқан шаралардың маңыздылығын ескеріп, Заң жобасын қолдап, дауыс беруді сұрады.