Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев білім саласында қандай өзгерістер болатынын айтты.
Министр атап өткендей, үшінші бағыт бойынша 12 іс-шара іске асырылады.
Типтік оқу жоспарларын алып тастау бойынша «Білім беру туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Мұғалімдерді 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсарту, сонымен бірге «Цифрлы ұстаз» жобасы іске асырылады, - деп түсіндірді Әсет Ерғалиев.
Одан бөлек, дарынды балаларға және олардың ұстаздарына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне гранттар беру, сонымен бірге бір реттік ақшалай сыйақы да төлеу көзделіп отыр.
Мектептердегі орын тапшылығы проблемаларын шешу үшін 2025 жылға дейін кемінде 1 000 мектеп салу жоспарлануда. «Жас талап» жобасы аясында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр, - деп баяндады Ұлттық экономика министрі.
Еске сала кетейік, Президент 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салуды тапсырған болатын.