Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills Lyon - 2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Бүгін WorldSkills Lyon -2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары елге оралды. Жеңімпаздармен кездесіп, оларды жетістіктерімен құттықтадым. Биылғы жылы Ұлттық құрама 6 үздік медальон және 69 елдің арасынан «Ұлт үздігі» номинациясын иеленіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бұл шын мәнінде ерекше атап айтуға тұрарлық қуанышты жағдай. Әсіресе, Мемлекет басшысының өз Жолдауында алдағы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы бұл жеңістің маңыздылығын арттыра түседі, - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, еңбек адамының беделін арттыру мақсатында биылғы қыркүйек айынан бастап 300 мыңнан астам колледж студентінің шәкіртақысы 50%-ға артты, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 12 мың орынға ұлғайды. WorldSkills стандарттары білім беру бағдарламаларына енгізілді.
Жеңімпаз студенттерді, олардың педагогтері мен ата-аналарын шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жетістіктеріңіз еліміздің дамуы жолындағы жаңа кәсіби белестеріңіздің негізіне айналатынына сенімдімін! - деді ведомство басшысы.