Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Белградта өнер көрсетіп, үздік нәтиже көрсеткен боксшыларымыз Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырханды жеңістерімен құттықтады.
Бұл туралы министр өзінің facebook-парақшасында жазды.Құрметті Теміртас Берікұлы!
Сізді бокстан Белградтағы XXI Әлем чемпионатында жеңіске жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз әлемнің мықтылары бас қосқан дүбірлі додада өзгеше техникалық шеберлігімен, тактикалық сауаттылығымен, жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерімен өз салмағында топ жарған дарынды былғары қолғап шеберісіз. Сербия төріндегі тартысты, шиеленіске толы барлық жекпе-жекті өз пайдаңызға аяқтап, тарихы терең, өзіндік дәстүрі қалыптасқан қазақ бокс мектебі – жер жүзі мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы бір мəрте паш еттіңіз.
Сіздің бүгінгі жетістігіңіз байтақ отанымыздың түкпір-түкпіріндегі өрендердің спортқа, оның ішінде бокс өнеріне деген құштарлығын арттыра беруіне тілектеспін.
Алдағы уақытта да шаршы алаң төрінде ысылған спортшы ретінде талай сында тұғырлы көк байрағымызды биікте желбіретіп, айбарлы əнұранымызды шырқата беріңіз. Лайым осы жолда еңбегіңіз берекелі болып, қажыр-қайратыңыз арта берсін, - дейді Райымқұлова.
Сондай-ақ министр Махмұд Сабырханға да ізгі тілегін жолдады.
Құрметті Махмұд Сабырхан!
Сізді бокстан Сербияда өткен XXI Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз Белградтағы бәсекеде ақыл-ойдың, қажыр-қайраттың жарқын үлгісін көрсеткен шебер боксшысыз. Ақтық сында бар күшіңізді салып, қарсыласпен тең дәрежеде жұдырықтастыңыз.
Лайым рингтегі епті қимыл-қозғалысыңызбен, өжеттілігіңізбен көзге түсіп, қалың жанккүйерді қуанта беруіңізге тілектеспін. Алдағы уақытта да талай сында тұғырлы көк байрағымызды биікте желбіретіп, айбарлы əнұранымызды шырқата беріңіз. Лайым осы жолда еңбегіңіз берекелі болып, қажыр-қайратыңыз арта берсін, - дейді Мәдениет және спорт министрі.