Министр: Балалардың оқуға деген құлшынысы қуантады

8 Қараша 2021, 19:08
829
Бөлісу:
Министр: Балалардың оқуға деген құлшынысы қуантады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҒМ Асхат Аймағамбетов «Білім-инновация» лицейінде оқитын мектеп оқушылары, өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Еліміздің әр аймағында білім алып жатқан оқушылармен қызықты әрі мазмұнды әңгіме өрбіді. Өз кезегінде, оқушылардың белсенділігі қуантып, олардың қойған сұрақтарына жауап бердім. Балалар SAT, Ұлттық бірыңғай тестілеу, пәндік олимпиадаларға дайындық мәселелері бойынша қызығушылық танытты. Сонымен бірге буллинг мәселесі, жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістер, «Оқуға құштар мектеп», «Дебат», «Өзін-өзі басқару» жобаларының жүзеге асырылуы және басқа да мәселелер туралы әңгімелестік - деді министр.

Қазіргі таңда мектепте өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі жоба аясында білім беру ұйымында мектеп парламенттері құрылып жатыр.

Парламенттер жұмысының шеңберінде әріптестерім өз тәжірибелерімен бөлісіп, бастамаға қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Бұл балалардың ой-өрістерін кеңейтіп, олар өз пікірлерін ашық білдіруі әрі мүдделерін қорғай алуы үшін жасалып жатқан бастама. Кездесу барысында балалардың оқуға деген құлшынысы мен белсенділігін, түрлі тақырыптарға деген асқан қызығушылығын байқадым. Оқушыларымыз болашақта биік шыңдарды бағындыратынына, сондай-ақ еліміздің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін - дейді Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы