Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте медиация жұмысы туралы айтты.
Талдау көрсеткендей, біздің қоғамда түрлі деңгейдегі дау-жанжалдарды негізінен тек сот арқылы шешу кең тараған. Бұл - азаматтар үшін де, соттар үшін де ыңғайсыздық туғызып келе жатқан мәселе. Көп уақыт алады, қаржылық шығын, сот жүйесіне шамадан тыс жүктеме жасайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, «соттан тыс» және «сотқа дейінгі» дауларды реттеу институттарын дамыту қажет. Бұл өз кезегінде азаматтар арасында жанжалды ушықтырмай, жүйке тоздырмай, уақыт пен қаржыны шығындамай, жылдам шешуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Балаева атап өткендей, бұл бағытта біз АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария сияқты медиация саласында мол тәжірибесі бар елдердің озық үлгілерін үйренуіміз керек.
Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүрігізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне нақты ұсыныстар жолданатын болады. Президент жүктеген барлық тапсырманы іске асыру аясында бүгінде біздің министрліктің алдында маңызды міндеттер тұр. Қоғамдық дамудың алдағы жылдардағы алғышарты – олардың бүгінгі сапалы орындалуына тікелей байланысты. Ең бастысы, біздің бағдарымыз – айқын, бағытымыз – түзу. Бекітілген Жалпыұлттық жоспарымыз бар. Оны уақытылы әрі сапалы орындау үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз, - деді Балаева.