Министр айтқан Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасындағы үздік тәжірибе қандай?

9 Қыркүйек 2022, 13:46
1225
Бөлісу:
Министр айтқан Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасындағы үздік тәжірибе қандай?
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің негізгі және басты қағидаты – жалпы отбасыға қызмет көрсету. Бүгінде елімізде дүниежүзілік озық тәжірибеге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жалпы практика дәрігері, мейіргерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар, сондай-ақ басқа да мамандар көрсетеді. Бұл тұрғындарға бір мезетте медициналық, әлеуметтік, білім беру сынды қызметтер көрсетіледі. Қазіргі уақытта барлық ауылдық өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің «Адамға бағдарланған тәсіл» үздік тәжірибесі табысты енгізілуде. Оның басым бағыттары: инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, дұрыс тамақтану,  салауатты өмір салтына үйрету, қан айналым жүйесі аурулары кезінде шұғыл көмек, медициналық қызметтер көрсету сапасын жақсарту үшін пациенттер мен халықпен тығыз қарым-қатынас орнату. Мұндай озық тәсіл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды және тағы басқа  облыстарда тиімді енгізілген, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айтуынша, Алматы облысында алғаш рет медициналық-санитарлық көмек көрсететін алаң ашылған. 

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының көп салалы  ауданаралық ауруханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірибесінің әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаңы ашылды. Еңбекшіқазақ ауданы табысты нәтижелер көрсетіп отыр. Мысалы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мейіргерлері мен әлеуметтік қызметкерлеріне көмек сұрап жүгінгендердің саны 100 есе ұлғайды, отбасылық дәрігерлерге жүгінгендердің саны үш есе ұлғайды. Бейінді мамандарға жүгінгендердің саны 50%-ға азайды. Бұл модель барлық емханаларда енгізілуде. Аталған алаң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінің үш елінде: Қазақстан, Испания және Швецияда жұмыс істейді, - деп түсіндірді министр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ажар Ғиният ауылдарда медицина мамандарының жеткіліксіздігі бар екендігін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы