Министр қандай кәсіп иелері салық төлемейтінін айтты

2 Сәуір 2020, 09:48
2632
Бөлісу:
Министр қандай кәсіп иелері салық төлемейтінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдайға байланысты көптеген салада салықтық жеңілдіктер жасалып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Ол мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қабылданған салықтық ынталандыру мен жеңілдіктер бойынша барлық шаралар бюджеттің кіріс бөлігінде ескерілгенін айтты.
Ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет нысандары жыл соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейінгі мерзімде жеке табыс салығынан босатылып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бойынша жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ, биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды, - дейді Руслан Дәленов.

Министр сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі осы жылдың 30 наурызынан 1 қазанына дейінгі кезеңде 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілгенін айтты.
Шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден 6 айға, яғни биылғы жылғы 1 қазанға дейін босату қарастырылған. Бұл шара туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі салаларын, ірі сауда объектілерін, сауда ойын-сауық орталықтарын, кинозалдар, театрларды, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, көлік қызметтерін, консультациялық қызметтер мен ақпараттық технологияларды, тамақ өнімдерін өткізу мен дәріханаларды қоспағанда сауда субъектілерін қамтиды, - деді ол. 

Ведомство басшысының айтуынша, салықтық әкімшілендіру бөлігінде 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды төлеуді кейінге қалдыру шарасы енгізілді. 
Төтенше жағдай кезінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды. Жалпы, жоғарыда көрсетілген барлық шаралар 700 мың салық төлеушіні қамтиды, - деді Руслан Дәленов.

Өзгелердің жаңалығы