Трамп әкімшілігі Ауғанстан, Сирия, Йемен және тағы оннан астам кедей елдегі миллиондаған адамды аштықтан құтқарып отырған бағдарламаларды қысқартып тастады. БҰҰ бұл шешімді "адам өмірін қиып жатқан үкім" деп бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Трамп әкімшілігі БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (WFP) бөлінетін шұғыл көмекті тоқтатып, қақтығыс пен ашаршылық жайлаған 13 елде соңғы қалған жобалардың өзін жапты.
WFP – әлемдегі ең ірі азық-түлік көмек ұйымы. Ол дүйсенбі күні әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде АҚШ-тан бұл шешімін қайта қарауды сұрады.
Бұл – аштықтан өліп жатқан миллиондар үшін үкіммен тең, – дейді Ұйым
АҚШ-тың көмегімен жұмыс істеп жатқан жобалар "үкіметтің қолайлылығы үшін" тоқтатылып жатыр. Бұл бастаманы Илон Маск құрған Government Efficiency деп аталатын жаңа мемлекеттік құрылымның қолында отыр. Құрылым USAID бағдарламаларын жоюға жауапты.
Сирия мен Йеменде – миллиондаған адам нансыз қалуы мүмкін
Сирияда WFP және басқа гуманитарлық ұйымдарға бөлінген 230 млн доллар көлеміндегі келісімдер күшін жойды. Оның ішінде ең ірі жоба – 111 млн долларлық көмек – 1,5 млн адамды күнделікті нанмен қамтамасыз етіп тұрған.
Йемендегі WFP жобаларына бөлінген АҚШ көмегі де тоқтатылды. Азық тіпті елге жеткізілген болса да, енді ол таралмай қалуы мүмкін. Ливан мен Иорданиядағы босқындарға арналған жобалар да жабылып жатыр.
Ауғанстанда қыздарға білім, балаға дәрі жоқ
USAID арқылы Ауғанстанға бөлінген 560 млн доллардың гуманитарлық көмегі де тоқтатылды. Оған шұғыл азық, ішетін су, балаларға медициналық көмек, зорлық-зомбылық көргендерге психологиялық көмек, тіпті ауыр халдегі нәрестелерге күтім де кірген.
Онымен қоса, Техас A&M университеті арқылы жүзеге асып келген ауған қыздарын шетелге оқуға жіберетін бағдарлама да жабылды. Енді сол қыздар Талибан билігіне оралу қаупімен бетпе-бет.
Жаһандық тұрақтылыққа қауіп
WFP жетекшісі Синди Маккейн бұл қысқартулар "жаһандық тұрақтылықты шайқалтады" деп мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ пен өзге донор елдер гуманитарлық көмекті көші-қон, экстремизм және тұрақсыздықтың алдын алу құралы ретінде қарастырып келген.
Трамп әкімшілігі USAID пен Мемлекеттік департаменттің көмегін уақытша тоқтатып, тіпті Сириядағы әл-Хол лагеріндегі қызметтер де жабыла жаздады. Ондаған мың адамның өміріне қауіп төнді. Бұл шешімге америкалықтардың өзі де алаңдаулы.