Қазақстанда мал шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыты ретінде белгіленгенімен, салада шешімін таппаған жүйелі мәселелер әлі де аз емес. Мал саны артқанымен, өнімділіктің төмендігі, жайылым тозуы мен кадр тапшылығы ет өндірісінің тұрақты дамуына кедергі болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде өткен отырыс барысында сенатор Арман Өтеғұлов мәлімдеді.
Айтуынша, бұл саланы мемлекеттік қолдау нәтижесінде белгілі бір оң өзгерістер бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
Алайда жүйелі, құрылымдық проблемалар әлі де сақталып отыр.
Біріншіден, мал басы саны мен өнімділік мәселесі. Мал шаруашылығына тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі ол мал басының саны.
2024 жылы Мемлекет басшысы өз жолдауында 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, алайда санатта жоқ екендігі атап өткен болатын. Осыған байланысты, 2025 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, Ұлттық статистика бюросы ауыл шаруашылығы санағын 2025 жылдың қазан айына дейін жүргізді. Дегенмен, әлі күнге бұл ақпарат қолжетімсіз. Қазірдің өзінде мал басы саны министрліктің ақпараттық жүйесінде жылқы басы 4 млн 652 мың, ал статистика жүйесінде 4 млн 595 мың бас. Оған қоса жергілікті жерде мүлдем басқа ақпарат. Осы айырмашылықты есепке алмай субсидия және жеңілдетілген несие бөлу жақында бекітілген мал шаруашылығына қатысты Тұжырымдаманы іске асыру қалай жүзеге асады. Мұндай бұрмаланған ақпаратты есепке алмай тапсырманы іске асыру мүмкін емес деп есептеймі, - деді сенатор.
Депутат бүгінде мал басының саны артқанымен, бір бас малдан алынатын өнім көлемі мен сапасы экономикалық және технологиялық талаптарға сай еместігін алға тартты. 1990 жылдары тірі салмақта өндірілген ет көлемі 2,6 млн тоннаны құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн тоннаға дейін төмендеді. Сол кезеңде өндірілген тері 107,9 мың тоннадан 36,3 мың тоннаға, сауылған сүт 5,6 млн тоннадан 3,6 млн тоннаға қысқарған.
Бұл – отыз жылдан астам уақыт ішінде өнімділіктің төмендеп, импортқа тәуелділіктің әлі де жоғары болып отырғанын көрсететін өте қауіпті үрдіс. Бұл жағдайдың негізгі себептері – асыл тұқымды мал үлесінің төмендігі, селекциялық жұмыстардың жүйесіз жүргізілуі және жасанды ұрықтандырудың формалды сипат алуы өнімділіктің өсуін тежеп отыр. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіздігі, генетикалық әлеуетті арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың болмауы тірі мал сапасын жүйелі түрде жақсартуға мүмкіндік бермей отыр, - деді Арман Өтеғұлов.
Екіншіден, тірі мал өндірісі мен өңдеу саласының арасындағы үйлесімсіздік. Тірі мал шаруашылығындағы проблемалар ет және ет өнімдерін өндіру саласына тікелей әсер етеді.
Қазіргі таңда өсірілген малдың басым бөлігі бордақылауға жеткізілмей, ұсақ тауарлы шаруашылықтардан немесе делдалдар арқылы өткізіледі. Бордақылау алаңдарының жеткіліксіздігі, олардың өңірлер бойынша теңгерімсіз орналасуы және қысқа мерзімді қаржыландыру тетіктері малды стандартқа сай дайындауға мүмкіндік бермеді. Малдың салмақ, жас және сапа көрсеткіштерінің біркелкі болмауы өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты әрі сапалы шикізат қалыптастыруды қиындатады. Соның салдарынан бүгінде еліміздегі ет өңдейтін кәсіпорындардың бір бөлігі өз жобалық қуатының небәрі 50–60 пайызы деңгейінде ғана жұмыс істеп отыр. Мысалы, Абай облысында ет өңдеу кәсіпорындары бола тұра, шикізат тапшылығына байланысты ұсақ мал көрші Моңғолия мен Ресейден әкелінуде. Бұл – тірі мал өндірісі мен өңдеу саласының өзара байланысының әлсіздігін көрсететін нақты мысал, - деді сенатор.
Бұған дейін ет экспортына неліктен тыйым салынғаны белгілі болған еді.