Миға чип, VR, жасанды интеллект: қазақстандық нейрохирург болашақ емді түсіндірді

Бүгін, 8 сәуір – Нейрохирургия күні.

 ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:05
Бүгiн 2026, 13:05
224
Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Адам миы – табиғат жаратқан ең күрделі жүйе. Оның әрбір миллиметріне жасалатын операция үлкен дәлдік пен жауапкершілікті талап етеді. Бір ғана шешім адамның сөйлеуін, қозғалысын, тіпті өмір сапасын өзгертуі мүмкін. Осындай сәттерде нейрохирургтің тәжірибесі мен батылдығы сыналады. BAQ.KZ тілшісі ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирург дәрігері Исламбек Мұсабековпен әңгімемізде ми хирургиясының қыр-сыры, Жапонияда алған тәжірибесі, заманауи технологиялар және ми денсаулығын сақтаудың маңызды жолдары туралы сұхбаттасты.

– Адам миы – ең күрделі орган. Сізді осы мамандықты таңдауға не итермеледі? Нейрохирургияға қалай келдіңіз?

- Бұл сәт Қарағанды медициналық университетінде оқып жүрген кезіммен байланысты. Болашақ жас маман ретінде сол уақытта хирургия кафедрасының full профессоры Абатов Нұрқасы Төлепбергенұлы мен хирург, PhD Бадыров Руслан Мұратұлы бағыт-бағдар беріп, кәсіби қалыптасуыма үлкен ықпал еткен, жүрекке жақын ұстаздар болды. Олардың қолдауы мен сенімі осы жолды таңдауыма үлкен әсер етті.

Адам миының күрделілігі мен оның бүкіл ағзаны басқарудағы рөлі ерекше. Нейрохирургия – тек жоғары дәлдікті ғана емес, сонымен қатар ғылым мен тәжірибенің ұштасқан хирургияның терең саласы.

– Жылына шамамен қанша операция жасайсыз? Күнделікті жұмысыңыз қаншалықты қарқынды өтеді?

– Қазіргі уақытта аптасына кем дегенде бес операция жасаймын. Күн тәртібі жоспарланған оталарға байланысты өзгеріп отырады. Әдетте күнім операция алдында ішілетін бір шыны кофеден басталады. Осы сәтте алдағы күнге ойша дайындалып аламын. Одан кейін науқастардың таңертеңгі жағдайын қарап шығып, әріптестеріммен бірге алдын ала жоспарланған операцияларды талқылаймыз. Содан кейін командамен бірге жоспарланған операцияларды орындауға кірісеміз.

– Жақында Жапонияда біліктілігіңізді арттырып келгеніңізді білеміз. Ол жақта қандай операциялар жасап, қандай тәжірибе алдыңыз? Өзіңіз үшін ерекше жаңалық болған әдістер болды ма? Жалпы шетелде қаншалықты жиі тәжірибе алмасып тұрасыз?

– Иә, біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында Жапонияның Нагоя қаласындағы Fujita Health University Hospital-да екі ай болу мүмкіндігі туды. Алайда ғылыммен айналысатын, үнемі ізденісте жүретін маман үшін екі ай түгілі, екі жылдың өзі аз сияқты көрінеді. Сапар барысында нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, World Federation of Neurosurgical Societies ұйымының президенті, профессор Йоко Катоның жетекшілігімен бас-ми қантамырларына жасалатын микрохирургиялық, эндоваскулярлы және эндоскопиялық операциялардың әдістерін жетілдіріп, шыңдалып келдік.

Айта кететін жағдай, жапон нейрохирургтері әлемге микрохирургиядағы жоғары шеберлігімен танымал. Дегенмен қазіргі таңда олар науқастың операциядан кейінгі өмір сапасына ерекше көңіл бөледі. Яғни барынша шағын тілікпен, аз инвазиялы әдістерді қолдану, сондай-ақ заманауи эндоскопиялық, эндоваскулярлық және навигациялық жүйелердің көмегімен емді дәл әрі қауіпсіз жүргізуге басымдық беріледі.

Бұл сапардың ең маңызды нәтижелерінің бірі – біздің Аурухана мен Жапония арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың нығаюы. Мұндай тәжірибе алмасу медицинадағы жаңа мүмкіндіктерді игеруге және саланың одан әрі дамуына үлкен серпін береді.

– Медициналық орталық ауруханасында нейрохирургия бағытында қандай күрделі немесе ерекше операциялар жасалады?

– Нейрохирургияда «жеңіл» операция болмайды. Әрқайсысының өзіне тән күрделілігі мен жауапкершілігі бар. Науқастың жасы мен сырқатының түріне қарай операцияның тактикасы әр адамға жеке таңдалады. Кейбір жағдайларда емдеу тәсілін таңдауда науқастың туыстарымен де кеңесіп, ортақ шешім қабылдаймыз.

Ауруханамызда нейрохирургияның кең ауқымы қамтылған. Яғни бас-миға жасалатын күрделі операциялардан бастап, бел омыртқасына дейінгі нейрохирургиялық ем жүргізіледі. Сонымен қатар заманауи жоғары технологиялық медициналық көмектің түрлері де кеңінен қолданылады.

– Ми операциясы кезінде дәрігер қандай тәуекелдерді ескереді? Науқастың сөйлеу, есте сақтау сияқты маңызды функцияларын сақтап қалу қалай бақыланады?

- Бас-ми қантамырларының әрқайсысы мидың белгілі бір бөлігіне қан жеткізеді. Яғни әрбір қантамырдың өзінің қанын қамтамасыз ететін «бассейні» бар деп айтуға болады. Сол аймаққа байланысты ми қыртысының белгілі бір қызметі, мысалы, сөйлеу, есте сақтау немесе қозғалыс сияқты функциялар қамтамасыз етіледі. Сондықтан қандай да бір қантамырда өзгеріс немесе бітелу болса, оның қай аймаққа әсер етуі мүмкін екенін алдын ала болжауға мүмкіндік бар.

Операцияның барлығы мұқият жоспарланып жасалады. Заманауи құрал-жабдықтар мен алдын ала жүргізілетін тексерулердің арқасында осындай тәуекелдерді барынша азайтуға тырысамыз. Дегенмен әлемдік статистика бойынша кез келген хирургиялық араласуда шамамен 3-4% деңгейінде асқыну қаупі болуы мүмкін. Бұл көбіне операцияның өзінен емес, операциядан кейінгі кезеңмен байланысты жағдайлар. Яғни науқастың басының ауыруы, жараның жазылу процесі, тігістердің алынуы немесе операцияға дейін және кейін дәрігердің ұсынымдарын толық орындамау сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.

– Операция кезінде ең қиын шешім қабылдайтын сәт қайсы?

– Ең қиын сәт – жоспарсыз немесе шұғыл операция кезінде шешім қабылдау. Әсіресе жедел жәрдеммен түскен науқастарда жағдайды тез бағалап, дұрыс тактиканы анықтау оңай болмайды. Мұндай кезде операцияның әдісі мен одан кейін жүргізілетін ем бірден сәйкес келе бермеуі мүмкін. Сол себепті кей жағдайларда таңдау жасауға тура келеді: науқасқа алдымен жедел көмек көрсетіп, негізгі операцияны кейінге қалдыру, яғни жоспарлы түрде екінші кезеңде жасау.

Кейбір науқастар «неге бірден жасалмады?» деп түсінбей жатуы мүмкін. Алайда мұндай шешімдердің барлығы ең алдымен науқастың өмірі мен өмір сапасын барынша сақтап қалу үшін қабылданады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, мұндай маңызды шешімдер ұжымдық түрде қабылданады.

Қажет болған жағдайда жетекші мамандармен, кейде шетелдік әріптестермен де ақылдасып, ең дұрыс шешімді бірге табуға тырысамыз.

– Нейрохирургияда операциясыз емдеу әдістері қаншалықты дамып келеді?

– Қазіргі таңда нейрохирургияда науқастың жағдайы мен операциядан кейінгі өмір сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – әлемдік, әсіресе Батыс медицинасында қалыптасқан негізгі ұстанымдардың бірі. Толығымен операциясыз емдеу деп айту қиын, бірақ медицина барынша аз инвазиялы әдістерге көшіп келеді. Яғни үлкен тіліктердің орнына кіші инвазиялы тәсілдер қолданылып, эндоваскулярлық және эндоскопиялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар нейромониторинг пен нейронавигация сияқты заманауи жүйелердің көмегімен операциялар әлдеқайда дәл әрі қауіпсіз жүргізіледі. Мұның барлығы науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетіп, операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жеңілдетуге бағытталған.

– Қазіргі кезде инсульт пен ми аурулары жас адамдар арасында да кездесіп жатыр. Бұл қандай факторлармен байланысты деп ойлайсыз?

– Сөздің ашығын айтқанда, инсульттің «жасарып» кетуіне көбіне өмір салтымыз әсер етеді. Қазіргі таңда дұрыс тамақтанбау, майлы тағамдардың көп болуы, қозғалыстың аздығы сияқты факторлар қан тамырларының бітелуіне бейімділікті арттырады. Ал Еуропа елдері немесе Жапония халқын алсақ, олар көбіне белсенді өмір салтын ұстанады. Жаяу көп жүреді, велосипед тебеді. Жеке көлігі болса да, мүмкіндігінше жаяу қозғалғанды жөн көреді. Сол себепті ол елдерде инсульт пен қан тамырларының бітелуі біздің халықпен салыстырғанда сирек кездеседі.

Сонымен қатар уақыт өте келе қоғамда денсаулыққа деген жауапкершілік артып, білімді жас буын көбейіп келеді. Қазіргі кезде ақпарат көздері, жаңа технологиялар, халықаралық протоколдар мен гайдлайндар кеңінен қолжетімді. Соның арқасында біз науқастарды әлемдік стандарттарға сай емдеумен қатар, бұрын аса назар аударылмаған кейбір ауруларды да ерте анықтай бастадық.

Соның бірі – алжу, яғни деменция. Бұрын бұл мәселеге көп көңіл бөлінбейтін, ал соңғы жылдары науқастардың өздері де жиі тексеріліп, дәрігерлермен бірлесіп анықтап жатыр. Бұл неврология мен нейрохирургия саласындағы болашағы зор бағыттардың бірі деп ойлаймын.

– Болашақта ми ауруларын емдеуде қандай технологиялар төңкеріс жасауы мүмкін деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда нейрохирургияда үлкен үміт артылып отырған технологиялардың бірі – DBS (deep brain stimulation), яғни бас миының белгілі бір аймақтарын арнайы имплант немесе чип арқылы стимуляциялау әдісі. Бұл технология мидың белгілі бір аймақтарын стимуляциялау арқылы науқастың кейбір бұзылған функцияларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі технологиялар да қарқынды дамып келеді. XXI ғасырды «компьютерлік технологиялар ғасыры» деп айтуға болады. Операция кезінде жасанды интеллектіге негізделген нейронавигация, нейромониторинг сияқты жүйелер хирургке өте дәл әрі қауіпсіз жұмыс істеуге көмектеседі. Бұған қоса қантамырларды ультрадыбыстық зерттеу (УЗДГ) сияқты әдістер де кеңінен қолданылады. Қазіргі кезде VR технологиялары да медицинаға енгізіліп жатыр. Арнайы көзілдірікті кию арқылы дәрігер операция үстінде қазіргі уақыт режимінде науқастың бас миының құрылымын көріп, соған қарай операцияны дәл әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік алады. Әрине мұның бәрі қолжетімді.

– Жас дәрігерлердің нейрохирургияға қызығушылығы қандай? Бұл мамандықты таңдаған адамға қандай қасиеттер қажет?

– Нейрохирургия – үздіксіз білім мен күнделікті дамуды талап ететін сала. Бұл мамандыққа келу жолы да ұзақ. Жалпы оқу процесі шамамен 11 жылды қамтиды. Оған бакалавриат, интернатура және университеттен кейінгі резидентура кезеңдері кіреді. Сондықтан бұл бағытты таңдаған жастар ең алдымен соған дайын болуы керек. Жас мамандарға айтарым, егер мақсат айқын, сенім берік болса, бәрі де мүмкін. Ең маңыздысы – ғылым мен тәжірибені қатар алып жүру. Осы екеуін ұштастыра білген адам жетістікке жетеді.

Дәрігерлерге сабырлық, әрқашан ізденісте болу қасиеті қажет. Себебі заман ағымы өте жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан сол қарқыннан қалмай, бір деңгейде болу үшін үнемі ізденісте жүру қажет. Бұл дегеніміз – профессорларға барып тәжірибе алмасу, өз жұмысыңды көрсету, кәсіби пікір алу. Соның арқасында медицина қызметін әрі қарай дамытамыз деп ойлаймын. Тек нейрохирургия саласында ғана емес, жалпы медицинада да тек операция жасап қана қоймай, оны әрі қарай модернизациялап, дамыту қажет. Оған өзіңіздің стиліңізді, әдісіңізді, тактикаңызды қосу арқылы жаңа бағыттардың қалыптасуына жол ашуға болады.

– Егер адамдарға ми денсаулығын сақтау үшін үш негізгі кеңес берсеңіз, олар қандай болар еді?

– Ең алдымен, суды көбірек ішу керек. Екіншіден, көбірек қозғалыста болу маңызды. Иә, кейде ауа райына немесе қала жағдайына байланысты белсенділік аз болуы мүмкін. Бірақ қазіргі кезде спортзалдар мен жаттығу залдары қолжетімді. Біле білсеңіздер, коронавирустан кейін адамдардың денсаулыққа деген көзқарасы өзгеріп, өз денсаулығына көбірек көңіл бөле бастады. Әсіресе қалаларда кез келген адамның үйінің жанында жаттығу залдары бар. Сондықтан мүмкіндігінше қозғалысты өмір салтына айналдыру қажет.

Үшінші маңызды кеңес, уақытылы ұйықтау. Дұрыс әрі жеткілікті ұйқы ми жұмысының қалыпты болуы үшін өте маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Наверх