Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейсенбі күні кешке Үндістанның солтүстік-батысындағы Пенджаб штатында елдің әскери-әуе күштерінің «Бизон» деп аталатын МиГ-21 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады.
Бұл туралы елдің ӘӘК ақпараттық қызметі Twitter-де жазды.
Кеше кешке батыс секторында «Бизон» ұшағы құлады. Оның ұшқышы, эскадрилья командирі Абхинав Чоудхари қаза тапты. Үндістан елінің ӘӘК мерт болған ұшқыштың отбасына қайғырып көңіл айтады, – делінген хабарламада.
ANI агенттігінің авиациялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ жоспарлы оқу-жаттығулық ұшуын өткізген. Бұл биылғы жылы МиГ-21 ұшағының қатысуымен болған үшінші әуе оқиғасы. Наурыз айында болған тура осындай апатта ұшқыш қаза тапқан.