Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдан бастап елімізде тұрғын үйді басқару нысандары өзгергені баршаға мәлім. ПИК-ті мүлік иелері бірлестігі алмастырады.
Осы өзгеріске байланысты халық арасында түсініспеушіліктер болып, сауалдар туындап отыр. ПИК пен МИБ-тің айырмашылығы неде? Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова қысқаша ақпарат берді.
МИБ - біріккен мүлік иелерінің басқаруы. Әр адамның өзінің тұрып жатқан үйіне жауапкершілік алуы. Бұл реформаның артықшылығы әр үйдің арнайы ақша жинайтын, сол қаражатты тек қана өздеріне жұмсайтын жеке есепшоты болады. Басқарманың ішінде төрағамен қатар ривизиялық комиссия және үй кеңесі болады. Үй кеңесі сол үйде тұрып жатқан тұрғындардан құралады.
-МИБ енгізіліп жатыр. Дегенмен тұрғындар ПИК-тің қызметін пайдалана ала ма?
-1 шілдеден бастап ПИК өз жұмысын тоқтатады. Бірақ жабылып қалмайды. Заңда басқарушы компаниялар деген жаңа түсінік бар. Бүгінде бұрынғы ПИК компаниялары өздерінің форматын өзгертіп, басқарушы компания боп жұмыс істей алады.
-Басқару компаниялары мен ПИК-тің айырмашылығы қандай?
-Бұрын ПИК он шақты үйді басқарды. Жиналған қаржының сомасын, ол қаржы қайда жұмсалып жатқанын ашып айтпады. Қазір әр есепшот бір үйге беріледі және арнайы платформа арқылы 1 жылда қанша қаражат жиналып, оның қайда, қалай жұмсалғанын ашық бақылап, біліп отыруға болады. Бұл туралы тұрғындардың жиналысында айтылып, арнайы хаттама ретінде бекітіледі. Тұрғындардың жылына бір рет төраға сайлауға құқығы бар.
-Бұл жемқорлықтың алдын алу шаралары ма?
-Әрине, реформаның басты мақсаты тұрғындарға өз мүліктері үшін жауапты болуға үйрету. Өкініштісі, адамдар өз мүліктеріне немқұрайлы қарайды. Біз мүлкіміз үшін өзіміз жауап беруіміз қажет.
Автор: Раушан НҰРҒАЛИЕВА