iScience журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, қытайлық ғалымдар адамның шаш құрамын талдау арқылы ағзадағы өзгерістерді анықтауға болатынын мәлімдеді. Бұл тәсіл Паркинсон ауруын ерте кезеңде айқындауға көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зерттеу барысында мамандар Паркинсон дертіне шалдыққан 60 науқастың шаш үлгілерін зерттеп, көрсеткіштерін дені сау адамдардың нәтижелерімен салыстырған. Талдау қорытындысы бойынша, науқастардың шашында темір мен мыс деңгейі айтарлықтай төмен болған. Ал марганец пен мышьяк мөлшері керісінше жоғарылағаны анықталған.
Ғалымдардың айтуынша, қан немесе сілекей талдауына қарағанда, шаш ағзада ұзақ уақыт бойы жүретін биохимиялық өзгерістерді нақтырақ көрсетуі мүмкін. Осыған байланысты бұл әдіс ауруды ерте кезеңде диагностикалаудың баламалы тәсілі ретінде қарастырылып отыр.
Құбылыстың себептерін анықтау үшін зерттеушілер тышқандарға да тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде шаштағы темір деңгейінің төмендеуі ішек қызметінің бұзылуымен тікелей байланысты болуы ықтимал екені байқалған.
Авторлар бұл зерттеу әзірге алдын ала сипатта екенін және нәтижелерді кең көлемде растау қажет екенін ескертеді. Дегенмен болжамдар дәлелденсе, болашақта қауіпті дертті анықтау үшін күрделі әрі қымбат диагностика емес, бір тал шаштың өзі жеткілікті болуы мүмкін.
Жанерке Жәкен