Қытайдың Ляонин провинциясындағы Ляоян қаласында орналасқан мейрамханада шыққан өрт салдарынан 22 адам қаза тауып, тағы үш адам әртүрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CNN агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың ресми Синьхуа ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл қайғылы оқиға сейсенбі күні түскі 12:25 шамасында Ляоян қаласындағы тұрғын үй аумағында орналасқан дәмханада орын алды.
Өрттің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Алайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бұл оқиғаны "елеулі және сабақ боларлық жағдай" деп атап, жергілікті билікке зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуді, оқиғаның себебін жан-жақты зерттеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Оқиға орнына дереу 22 өрт сөндіру көлігі мен 85 өрт сөндіруші жіберілген. Провинциядағы Коммунистік партия хатшысы Хао Пэннің айтуынша, құтқару және эвакуациялау жұмыстары толық аяқталған.
Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Douyin және X (бұрынғы Twitter) платформаларында тараған видеоларда өрттің қаншалықты ауқымды болғаны байқалады. Жарқыраған жалын мейрамхана алдындағы бүкіл витринаны шарпыған, жанында тұрған ондаған автокөлікке де от тиген. Кадрларда төтенше жағдайлар қызметі зардап шеккендерді зембілмен алып шығып жатқаны көрінеді. Бұл видеолардың шынайылығы әзірге ресми расталған жоқ.
Бұл – соңғы жылдары Қытайда орын алып жатқан бірқатар ірі өрт оқиғаларының бірі. 2024 жылдың сәуір айында Хэбэй провинциясында орналасқан қарттар үйінде шыққан өрт салдарынан 20 адам көз жұмған еді. Бұған дейін де елде газдың ағуынан бірнеше жарылыс болып, адам өліміне әкелген жағдайлар тіркелген. Мәселен, 2023 жылдың наурызында Хэбэй провинциясындағы мейрамханада газ жарылысы болып, екі адам қаза тауып, 26 адам жараланған. Ал сол жылдың қыркүйегінде Шэньчжэнь қаласындағы биік ғимаратта орын алған жарылыстан бір адам мерт болған.
Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен коммуналдық жүйелердегі ақаулар Қытайда мұндай қайғылы оқиғалардың жиілеуіне себеп болып отыр.