Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде металлургтердің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абыройлы мамандық иелерін құттықтаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов металлургия ұлттық экономикада маңызды орын алатын салалардың бірі екенін айтты.
Вице-министрі айтқандай, отандық тау-кен секторында шамамен 12,4 трлн теңгеге өнім өндіріліп, бұл ІЖӨ-нің 8,7%-ын алып отыр. Қазір ТМК компанияларында 200 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Бұл еліміздегі өнеркәсіп қызметкерлері санының үштен бірін құрайды.
Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында барлық сын-қатерге абыроймен төтеп бердік. Батылдық пен адалдыққа толы металлург мамандығы қашанда құрметке лайықты. Кәсіби мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, өнімді жұмыс тілеймін. Сіздердің қажырлы еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз,- деді І.Оспанов.
Салтанатты іс-шара кезінде 1-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Сергей Валов марапатталды. 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Марина Надольская, Сейтқали Сағалов, Нұржан Еркінбаев және Әуезхан Әбдуғалиевке табысталды. Сонымен бірге 5 адамға министрдің атынан Құрмет грамотасы берілді. Олардың қатарында Олеся Коксегонова, Ардақ Шолатаев, Төлеген Темірбаев, Қанат Султанбеков және Әсет Тлеубаев бар.