Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Металл сынығы көзіне кіріп, мүгедек болған адам сотта жеңіп шықты

4 Шілде 2025, 13:47
952
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Екібастұзда өндірістік жарақат салдарынан көру қабілетінен айырылған жұмысшы сот арқылы әділдікке қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғарғы соттың мәліметінше, Екібастұз тұрғыны 2012 жылы  "Богатырь Көмір" ЖШС кәсіпорынында жол жөндеуші болып еңбек еткен. Жұмыс уақытында рельсті кесіп жатқанда оның көзіне металл сынығы кіріп, ауыр жарақаттанған. Салдарынан ол көру қабілетінен айырылған.

Тергеу нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденіп, қызметкердің еш кінәсі жоқ екені анықталды. Ер адамға үшінші топтағы мүгедектік беріліп, еңбекке жарамдылығының 50 пайызы, ал кәсіби қабілетінің 55 пайызы жоғалғаны расталды.

Алайда татуластыру комиссиясы оның моральдық өтемақы туралы өтінішін қараудан бас тартқан.

Осыған байланысты азамат сотқа жүгініп, мүгедектігі мен өмір сапасының күрт төмендегенін алға тартып, моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады. Ол бастан кешкен физикалық және психологиялық ауыртпалықты атап өтті, – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Бірінші сатыдағы сот оның талабын толық қанағаттандырып, компанияны 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. ЖШС өтемақы сомасын шамадан тыс деп бағалап, істің ұзақ уақыт бұрын болғанын алға тартып, апелляциялық шағым түсірген.

Алайда Павлодар облыстық соты өтемақы мөлшері келтірілген зардапқа сай деп танып, алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы