М.Есболатов атындағы Алматы академиясында киберзертхана ашылды

23 Қыркүйек 2022, 12:01
1181
Бөлісу:
М.Есболатов атындағы Алматы академиясында киберзертхана ашылды
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігінің М. Есболатов атындағы Алматы академиясында киберзертхана ашылды,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов оқу орнына келіп, академияның ақпараттық қауіпсіздік және киберқылмыспен күрес саласындағы ғылыми-тәжірибелік қызметінің негізгі тәсілдерімен танысты.

Интернет алаяқтық жылдан жылға артып келеді. Мысалы, еліміз бойынша 2018 жылы 2 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелсе, бұл көрсеткіш осы жылдың 8 айында 13 мыңнан асты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында интернет пен телефон алаяқтығына қарсы тұру қажет екенін баса айтқан болатын. Зертхананың ашылуы – қылмыскерлердің қылмыстық жоспарларына қарсы тұру үшін олардың іс-әрекетінен дер кезінде хабардар және дайын болуға мүмкіндік беретін алғашқы маңызды қадам, - деді министр. 

Академия басшысы полиция полковнигі Айдар Сайтбеков те интернет арқылы жасалатын қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтарды тоқтатуға мүмкіндік беретін жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Академияның «Kazdream Special Systems» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында киберзертхана жедел қызметті жақсартуға бағытталған соңғы ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілді.

Өзгелердің жаңалығы