Мерейтойлар ұрпақ есінде мәңгі қалатын істермен баянды - Несіпбек Айтұлы

30 Қараша 2021, 13:53
1360
Бөлісу:
Мерейтойлар ұрпақ есінде мәңгі қалатын істермен баянды - Несіпбек Айтұлы
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіші ашылды. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы іс-шараның маңызды екенін айтты.

Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығына орай елорда төрінде соңғы жылдары ерекше оқиғалар болып жатыр. Астанамыз бұрынғыдан да көркейіп, сәулеттеніп келеді. Себебі бүгінгі күні ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби осыдан ХІ ғасыр бұрын дүниеге келіп, бүкіл әлемді таңғалдырғаны мәлім, - деді ақын.

Ол ұлы бабаның қазақ халқының жерінде туып, біздің маңдайымызға бұйырғаны үлкен бақыт екенін айтты.

Осыдан біраз уақыт бұрын қазақтың қаһарман ұлы Жұмабек Тәшеновке, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа, Алаш арыстарына, үш алыпқа, Талғат Бигелдиновке, Жақсылық Үшкемпіровке және басқа да тұлғаларымыз ескерткіштер орнатылып жатыр. Бұл біздің елдігімізді кемелдігін, тарихымыздың тереңдігін, бабаларымыздың ерендігін білдіреді. Сондай-ақ әл-Фарабиге ескерткіш орнату Тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы үлкен білгірлік деп білемін. Зиялы қауым қала басшыларының ісіне әрқашан қолдау көрсетіп, қолдап келе жатыр, - деп айтты Несіпбек Айтұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы әл-Фараби атында көптеген ғимараттар барын айтты.

Әл-Фараби – біздің мәңгілік туымыз. Қазақтың туы да осылай биіктей берсін. Рухани әлемді қолдап жүрген басшыларға алғыс айтқым келеді. Алдымызда еліміздің 30 жылдығы және келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласының 25 жылдығы. Осындай мерейтойларды ұрпақтың есінде мәңгі қалатын істермен баянды ететін болсақ, біздің келешегіміз жарқын болады, - деді ол.

Бұған дейін елордадағы Нұр-Астана мешіті ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби есіміне ауыстырылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы