Мерейлі отбасы. Қызылорда облысының жеңімпазы анықталды

10 Қыркүйек 2021, 20:33
17918
Бөлісу:
Мерейлі отбасы. Қызылорда облысының жеңімпазы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы мен Отбасы күні аясында «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Салтанатты шара эпидемиологиялық ахуалға байланысты Нұр-Сұлтан қаласынан тікелей қосылым арқылы өтті. Шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев тікелей қосылым арқылы үздік деп танылған 17 отбасыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Онлайн шара барысында өнегелі отбасылар туралы әзірленген бейнероликтер көрсетілді. Алдағы уақытта үлгілі шаңырақ иелері туралы арнайы фильм көршіліктің назарына ұсынылатын болады.

Тікелей көрсетілім барысында әр өңірдің басшылары «Мерейлі отбасы» атанған әулеттерді құттықтады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өнегесімен үлгі болған Әбілдашевтер отбасына Мемлекет басышысының дипломын, арнайы статуэтка мен сыйлық сертификаттарын табыстады. Аймақ басшысы мерейлі отбасыға ұлттық құндылықтарды насихаттап, Отанның отбасынан басталатынын дәлелдегені үшін өзінің ризашылығын білдіріп, табыс тіледі. 

Бұған дейін аймақтық конкурстың бас жүлдесін иеленген шиелілік Әбілдашевтердің өнегелі өмірі көпке үлгі. Ұзақ жылдар бойы аймақтың ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан. Шазат Әбілдашев пен Шырын Әбілдашеваның отау құрғанына 59 жыл болған. Бүгінде 10 баласынан 42 немере мен 12 шөбере сүйіп, бейнеттерінің зейнетін көріп отыр. Үлкен ұлы Нұғман Әбілдашев республикаға белгілі ғалым-агроном. Жылыжайда көкеніс өсірумен айналысады. 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.       

Байқаудың мақсаты - өнегелі құндылықтарды жаңғырту, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін үгіттеу. Байқауға еңбекте, спортта, шығармашылықта, зияткерлік салада, ғылымда немесе өзге де салаларда жоғары жетістіктерге жеткен өнегелі отбасылар қатыса алады.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылған сайыстың қатысушылары жыл өткен сайын артып келеді. 2014 жылдан бері конкурсқа қатысуға 1500-нан астам жанұя өтінім берген. Биылдың өзінде Сыр бойылық 182 отбасы бағын сынады.

Бүгінде облыста 141 мыңнан аса отбасы бар. 47 мыңнан астам көпбалалы аналардың  2109-ы батыр аналар. Аймақта 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері бар.

Өзгелердің жаңалығы