Жаңа жыл алдында әуе рейсінің тоқтатылуы немесе басқа күнге ауыстырылуы көпшілік үшін күйзеліс болуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайда жолаушының құқығы заңмен қорғалған. Рейс тоқтатылса не ауыстырылса, не істеу керек, қандай көмекті талап етуге болады және өтемақы қалай өндіріледі? BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.
Рейс расымен тоқтатылды ма?
Кейде жолаушылар рейстің кешіккенін тоқтатылды деп ойлап қалады. Негізінен авиакомпания ұшудың мүлде орындалмайтынын ресми түрде хабарласа, бұл рейстің тоқтатылуы болып есептеледі.
Ал егер ұшу басқа күнге ауыстырылып, рейс нөмірі өзгерсе, ол да кешігу емес, тоқтатылған рейске жатады.
Осындай жағдайда авиакомпания жолаушыға екі нұсқаның бірін ұсынуы тиіс: билет құнын қайтару немесе басқа рейске отырғызу.
Қандай жағдайда өтемақы төленеді?
Рейс тасымалдаушының жауапкершілігіне байланысты орындалмаса, жолаушы материалдық өтемақы мен қосымша қызметтерді талап ете алады.
Мұндай жағдайларға әуе кемесіндегі ақаулар, экипаждың жетіспеуі, рейс кестесіндегі қателіктер немесе авиакомпания ішіндегі ұйымдастыру мәселелері жатады.
Бұл кезде жолаушыға:
- балама рейс немесе ақшаны қайтару,
- тамақ пен сусын,
- байланысқа шығу мүмкіндігі,
- ұзақ күту кезінде қонақүй мен трансфер берілуі тиіс.
Сонымен қатар межелі жерге кеш жеткізілгені үшін айыппұл төлеу де қарастырылған.
Қандай жағдайда ақша төленбейді, бірақ құқық сақталады?
Егер рейс ауа райының қолайсыздығына, әуежайдың жабылуына, төтенше жағдайларға немесе эпидемиологиялық шектеулерге байланысты тоқтатылса, авиакомпания айыппұл төлеуден босатылады.
Алайда бұл жолаушының құқығын толық жояды деген сөз емес. Мұндай жағдайда да билет ақшасын қайтаруға немесе басқа рейсті таңдауға мүмкіндік берілуі тиіс.
Күту кезінде жолаушы нені талап ете алады?
Қазақстан заңнамасы жолаушыларды қорғайды. Егер рейс тасымалдаушының кінәсі үшін тоқтатылса немесе ұзақ уақытқа кешіксе:
- бірнеше сағаттан кейін сусын мен байланыс қызметі,
- одан кейін ыстық тамақ,
- түнгі күту қажет болса, қонақүй мен жеткізу қызметі ұсынылады.
Баламен сапарға шыққан жолаушыларға арнайы бөлмелер қарастырылған (мүмкіндік болса).
Барлық қызметтер тегін көрсетілуі тиіс.
Кешігу үшін қанша өтемақы алуға болады?
Егер жолаушы соңғы нүктеге уақытынан кеш жетсе және бұл авиакомпанияның кінәсінен болса, әр кешіккен сағат үшін билет бағасының белгілі бір бөлігі төленеді.
Алайда өтемақының жалпы сомасы билет құнынан аспайды.
Өтемақы алу үшін тасымалдаушыға ресми өтініш беру қажет.
Жолаушыға арналған қысқа нұсқаулық:
- рейс туралы барлық хабарламаны сақтаңыз;
- авиакомпания өкілінен шешімді ресми түрде растауды талап етіңіз;
- жол үстіндегі шығындардың түбіртегін жоғалтпаңыз;
- шағымды белгіленген мерзімде тапсырыңыз.
Нені есте ұстаған жөн?
Рейс тоқтатылса да, жолаушы қорғансыз емес. Егер кінә тасымалдаушы тарапынан болса, заң сіздің жағыңызда. Төтенше жағдайларда да билет ақшасын қайтарып алу құқығы сақталады. Ең бастысы – өз құқығыңызды білу және оны талап ету.
Айта кетейік, қыс мезгілінде рейстердің кешігуі кейде техникалық ақауларға емес, ұшақтарды мұздан тазарту рәсіміне байланысты болады. Бұл – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін міндетті процедура.