Түркістан, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті жұрт бұл жерді «жындыхана» деп те, «Психбольница» деп те атайды. Ауызекі тіл таңбалаған атауы осы. Ал ресми атауы – Түркістан қаласындағы облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Бұл жерде психоневрологиялық диспансерде ем қонбаған, емделуден үміті үзілген, қоғамда ел қатарлы өмір сүре алмайтын жандар жатады. Қазіргі уақытта орталықта 481 емделуші бар. Арасында жаңадан келгені де, қайта оралғаны да, осында өмір сүріп жатқанына 20 жылдан асқаны да бар. Аптаның алты күнінде емделушілермен жұмыс істейтін, оларға түсті ажыратып, бояп-сызуды, сурет салуды үйрететін маман – Жаңабай Тұрманов. Ол осындағы алты еңбек нұсқаушысының бірі. Психоневрологиялық ауытқуы бар адамдарды зеріктірмей, көңілін аулап, оларға түрлі-түсті қарындаш ұстатқан да осы адам.
Жаңабай Тұрманов © baq.kz
«Бастапқыда қиын болды, кейін сіңісіп кеттім»
- Танысым екеуміз Темірланда жарнама агенттігін ашып, шаруамызды дөңгелеттік. Екі жыл бұрын сол кәсіпті тастап, бала-шағамды алып, туған жерім – Түркістанға оралдым. Тоғыз айдай жұмыссыз жүрдім. Сөйтіп жүргенімде осы орталықтағы суретші кісі жұмысынан кетіп жатқанын, орны босайтынын естідім. Әуелде үйірмеде сабақ беретінімді білмедім. Осы мекеменің безендіру жұмыстарын ғана істеймін деп ойладым. Жұмыс орнына келген кезде ғана үйірмеде істейтін жұмыс екенін ұқтым. Мен келген 2016 жылы мұнда абыр-сабыр, басшылық ауысып, у-шу болып жатқан кез еді. Бастапқыда қиналдым, бірақ сіңісіп кеттім, - деп еске алады Жаңабай жұмысқа алғаш келген кезін.
© baq.kz
- Көбісі сурет сала алмайды, тіпті түсті ажырата алмайтындары бар. Мысалы, Альмира бояғанда сызықтың сыртына шығармай, асықпай, ұқыпты бояп жатыр. Ал Алена жылдам бояйды. Азаматтың сует салуға икемі бар. Ол өз ойындағы суретті салып жатыр. Қараңызшы: асқар тау, жайнаған гүл, сылдырап аққан су. Әркімнің сурет салу деңгейі әртүрлі. Бастапқыда ақ қағазға қарандашпен салса, уақыт өте келе жаңқа тақтаға (ДСП-авт.) салады. Менің міндетім – олардың қабілетін ашып, шеберлігін дамыту, - дейді еңбек нұсқаушысы.
«Әр науқас суретті өз дүниетанымы бойынша салады»
Орталықта түрлі қызмет алушылар бар. Ең бастысы – оларды зеріктіріп алмау. Таңнан кешке дейін палатада жата берулеріне болмайды. Кейбіреулері етік шеберханасына барып, аяқ киім жөндейді. Енді бірі ағаш шеберханасынан шықпайды. Қалағаны осы Жаңабайдың сурет салу үйірмесіне келеді.
- Жұмысым таңғы сағат 9:00-де басталады. Науқастар кестеге сәйкес келеді. Журнал бойынша жұмыс істейміз. Стандартқа сай бекітілген жоспар бар. Мысалы, бүгін сағат 9:30-дан 10:00-ге дейін келуі керек науқастарға алдын ала ескертіп айтамын. Оларды мәжбүрлеуге болмайды, сондықтан көңілі сурет салуды қалайтындары өз еріктерімен келеді. Сурет салуға арналған уақыт аяқталғаннан кейін он бес минут үзіліс болады. Ары қарай келесі топтың уақыты басталады. Арасында ауырып жатқаны, көңіл-күйі жоғы қалып қояды. Науқастарға сурет салуды ғана үйретпей, жан жылуын беруге де тырысамын. Жылы сөйлеп, мүмкіндік болғанда азық-түлік әкеліп берсең балаша қуанады. Сурет салуға келгенмен, үнсіз отырып-отырып кетіп қалатындары бар. Оларға түсінікпен қарауың керек, - дейді ол.
Жаңабай қызмет алушылары туралы олардың салған суреттерін көрсете отырып, әңгімелеп берді.
- Мысалы, бір қызмет алушы былай бояйды. Қанша көрсетсек те, осылай бояйды. «Былай боя» десең де, осылай бояйды. Мынау – жетпіс жасқа жақындап қалған апаның салған суреті. Мынадай төртбұрышты роботтар салатын қызмет алушы бар. Оған одан артық үйрете алмайсың. Мынау Азаматтың жұмысы. Эльдора деген қызымыз бар. Ол «Ағай, мен мынадай күшті нәрсе үйреніп алдым» дейді. Сурет салуға деген құлшынысы жоғары, бірақ сала алмайды. Бірде оған керіктің суретін қалай салатынын үйреттім. Ол да дәл сол суретті салуға талпынды, бірақ ойындағыдай сурет шықпады. Дегенмен, оның талпынысы мені қуантады. Мына суретті Игорь Рятцев салған. Оның да өз әлемі бар, сондықтан суреттері де белгілі бір ережеге бағынбай салынған. Суретті тек бір түспен бояп шығатындар бар. Қанша түсіндіріп айтсаң да, алдына түрлі-түсті қанша бояу қойсаң да, тек бір түспен бояғанды жақсы көреді.
Азаматтың суреті
Эльдораның суреті
Игорьдің суреті
Суретші Гүлзина
Гүлзинаның суреті
Қызмет алушылардың бәрі де кәмелеттік жасқа толған ересектер. Олардың арасындағы кәсіби суретші – Гүлзина Торғауытова. 45 жаста. Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжін "Бейнелеу өнері" мамандығы бойынша бітірген. 1995 жылы көлік апатына ұшырап, шизофрения дертіне шалдыққан. Ол эскиздерді өзі сызады. Идеясы да, қиялы да мықты. Тәлімгері Жаңабай Тұрманов Гүлзинаның шеберлігін қалай шыңдағанын айтты.
- Бұл жерге алғаш келгенде Гүлзина маған мән бермейтін, тіпті мені суретші құрлы көрмеді. Суретті жақсы салатынын жақсы түсінетін ол мен салған суреттерге менсінбей қарайтын. Бірде автопортрет салдым. Одан кейін тағы да бірнеше сурет салдым. Содан кейін ғана ол маған «Сенің қолыңнан шынымен сурет салу келеді екен» деді. Қазір «ағай, ағай» деп сыйлап тұрады және «Мына жеріне дейін салдым, ары қарай өзіңіз толықтырыңызшы» дейтін кездері де болады. Ол ашуланғанда, бәрі қорқады. Сурет салуға келгендер оның қас-қабағына қарап, үнсіз отыратын кездер болады. Ауыра бастағанда салатын суреттері мен уақытша жазылған кезде салатын суреттері екі түрлі. Мысалы, мынау ауыра бастаған кезде салған суреті – қасқыр бейнесі. Ал уақытша жазылған кезде табиғаттың суретін салады. Мен науқастарға үнемі қандай сурет салу керек екенін айтып, бағыт беріп отырам және жұмыстарын қадағалап, көмектесемін.
«Көлік апатынан кейін жабысқан дерт»
Гүлзинаның суреті
Гүлзина Торғауытованың бұл орталықта жатқанына 15 жылдан асқан. Оған «шизофрения» диагнозы қойылған.
«Салған суреттер көрмеде сатылады»
- Өткенде осы қалада көрме өтіп, біраз картина сатылып кетті. Сонда бір суретті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр сатып алды. Ол Гүлзина салған теңіздің суреті еді. Сатылған сурет ақшасына қайтадан материал аламыз. Мекеме есебінен қарындаш алуға, бояу, қағаз алуға ақша бөледі. Сурет сатылса, жақтаулар, кенеп мата аламыз. Жақында 60 мыңға табиғатқа алып шығатын этюдник сатып алдық. Жаз мезгілінде осы этюдникпен сыртқа шығып, сурет салады. Гүлзинаға осыларды көрсетіп едім, қуанып кетті, - дейді ол.
– Әлемде мүгедек жандардың, психикалық ауытқуы бар адамдардың салған суреттерін сатып алу нарығы бар. Бірақ, бізде әлі дамымаған. Түркістан облыс болғалы бәрі жайнап, реттеліп қалар. Қазір халыққа арзан жалтыраған нәрсе керек. Қиялдан туған, шығармашылық жұмысты апарсаң – өтуі қиын. Кеше өткен көрмеге қаншама суреттерімізді апарып, сатуға қойдық. Басшымыз да қолжетімді баға қою керектігімізді айтты. Суреттерді 10 мың теңгеге бағаладық. Жақтауының өзі сол 10 мың теңгенің жартысы тұрады. Тым болмаса материалдың құнын ақтасын деп ойладық, бірақ сол бағаны да қымбатсынатындар бар. Ал былтыр Шымкентте өткен көрмеде 10 мың теңгеге бағаланған суреттерімізді екі-үшеуден сатып алғандар болды, тіпті 1000-2000 теңге артық төлегендер де бар, - деген Жаңабай Тұрманов психикалық ауытқуы бар адамдарға арналған орталықтың бір бұрышын тұтас сурет шеберханасына айналдырып үлгірген.
«Әр науқастың суретін сақтап қоям»
- Алғашында боямақтарды өзім салып беретінмін. Көбісі сурет сала алмағандықтан, «Жеміс-жидектің суретін салып бер, ал біз бояйық» дейді. Олардың қалауын орындадым, себебі мақсат – олардан суретші шығару емес. Олар бояйтын суреттерді қайта-қайта сала беру де қиын. Күндердің бір күнінде боямақ сатып алып, көп қылып шығарып қоюға шешім қабылдадым. Бізде бақылау журналы бар. Жаңадан келген науқасты екі апта бақылап, қабілеті болса сурет салуға үйретеміз, - дейді Жаңабай Тұрманов.
Оның сөзінше, сурет салудың әр күнге сәйкес жоспары бар, бірақ қызмет алушылар тақырыпқа қарай салмайды. Өз ойындағысын салып отырады. Жаңабай салынған суреттерді тастамай, қорапқа жинайды.
Бояулар әлемі
Орталықтағы қызмет алушылардың дені түстерді ажырата алмайды.
Ұлбаланың суреті
Ұлбаланың суреті
Ольганың қасындағы адамға боятқан суреті
Сурет үйірмесіне келушілердің көбі әйелдер және олар табиғатты бейнелегенді ұнатады.
- Бұл жерге жылы сөз есту үшін ғана келетіндер де бар. Ауылын сағынып кеткенін айтып, туған жері туралы сурет салып кететін алпыстан асқан апамыз бар. «Боямақ бояп отыратын баламыз ба?!» деп зекіп кететіндер де кездеседі. Ондай жағдайда дауласпай, сабыр сақтауымыз керек, - дейді ол.
«Ашуланса, кетіп қалады»
Ләйла Әбдіханова
Орталықтағы алты нұсқаушының жұмысы қауырт. Әрқайсының өз келушілері бар. Жаңабайдың әріптестері де өз жұмыстары туралы айтып берді. Соның бірі – Ләйла Әбдіханова. Ол осында еңбекке баулу үйірмесінің еңбек нұсқаушысы болып қызмет етеді.
Ләззат Исраилова
- Көкөністер мен жемістердің қандай екенін, қазақшасы қалай аталатынын үйретіп, содан түрлі тағамдар, тосап, салат жасауды көрсетіп, бірге пісіреміз. Қызықтырып, алға тартсаң, бәрін үйренеді. Қызмет алушылар үш деңгейге бөлінеді: күнделікті қалмай келетіндер, шақырсаң ғана келетіндер және мүлдем қызықпайтындар. Мысалы, бүгін ұннан жасалатын тағамдарды үйреттім. Соны түсіндіріп жатсам, біреуі қызанақ, енді бірі орамжапырақ туралы айтып кетті. Ондай жағдайда «дұрыс емес» деп, оның сөзін тоқтатсаң, келесі сабаққа келмей қояды. Сол себепті «Жарайсың, өткен сабақты жақсы меңгеріп алыпсыз» десең, мәз болып қалады, - дейді Ләззат Исраилова.
«Сегіз жылдан кейін келген шабыт»
Жаңабай Тұрманов Түркістанға көшіп келгенінен кейін қала маңынан жер алып, үй соққан. Сонда келіншегі, үш баласымен тұрып жатыр. Құс асырайды.
Жаңабай таяуда ғана «Еңбек жолы» республикалық конкурсына қатысып, облыстық конкурста «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясын жеңіп алды.
Жәнібек Нұрыш
Фотолар: автор