Кентукки штатының тұрғыны орманға қашып кеткеннен кейін адасып, полицейлерден көмек сұраған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері тұрғын үй кешенінде сағат 23:00 шамасында төбелес болғаны жөнінде хабар алған. Оқиға орнына барған кезде ақ түсті көліктегі жігіт оқиға орнынан қашқан.
Лондон қаласынан шамамен 6,5 км қашқан күдікті көлікті қарсы бағыттағы жолаққа бұрып, жаңбырдан тайғақ жолда әдейі тежегішті басқан. Соның салдарынан артынан келе жатқан шерифтің көлігі оның көлігіне соқтығысқан.
Полицейлердің айтуынша, осы сәтті пайдаланған күдікті орманға қашып, көлікте болған әйел жолаушыны тастап кеткен.
Кейін тәртіп сақшылары ер адамның кім екенін анықтаған. Содан кейін оның телефонына қоңырау соққанда, ол адасып кеткенін айтып, көмек сұраған.
Күдікті орманда адасып, шығатын жолды таба алмай қалған. Көп ұзамай дронның көмегімен орманда жүрген күдікті табылып, ешқандай қарсылықсыз ұсталды, – делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.
Ер адамға көлікпен полициядан қашу, жаяу қашу, полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіру және басқа адамдардың өміріне қауіп төндіру баптары бойынша айып тағылды.
Қазір қашқын Лорел округінің түзету орталығында қамауда отыр.
Оның көлігімен соқтығысқан шериф орынбасары Роберт Смит Лондон қаласындағы Сент-Джозеф ауруханасына жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. Көлікте болған әйел жолаушы зардап шекпеген және оған ешқандай айып тағылған жоқ, - деп хабарлады полиция.