“Мен өмірге өнер үшін келгендеймін”: халық әртісі Алмахан Кенжебекова

Кеше, 20:49
416
Бөлісу:
“Мен өмірге өнер үшін келгендеймін”:  халық әртісі Алмахан Кенжебекова

Театр өнері – қатбар-қатбар тарихы бар ұлы жорық. Оған жарты ғасырдан астам ғұмырын арнағандар бар. Осы орайда біз халық әртісі Алмахан Кенжебековамен дидарласқан едік, деп хабарлайды хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алмахан апа, бұлақтар бастауын қарғын судан алса, өзендер бастауын бұлақтан алады. Сіздің де мақсатыңызды ұштаған киелі топырақ бары даусыз. Сұқбатымыздың беташарын бала күннің естелігімен ашсақ?

Бала күннің естелігі деген өте керемет дүние ғой. Бала кезімнен жинаған фотоальбомым бар еді. Ол жерде газет-журналдан қиып алған әлемдік жұлдыздардың суреттерін жабыстырыппын, тіпті, Радж Капурдың да суреті бар екен. “Қаңғырған адам” деген газетке жазылған. Содан, шетіне “Бұл менің ең қымбат фотоальбомым - Алмаханның арманы атты альбомым” деп жазыппын. Көпшілік айтады “Мен өнерге келемін деп ойлаған жоқ едім” дейді, ал мен өмірге өнер үшін келгендеймін. Бала кезімнен өнерден басқа ештеңе ойлаған емеспін. Баяғыда туысымыздың домбырасы болатын, соны үйлерінен сүйреп әкеліп, өзіммен-өзім домбыра тартып үйреніп кеттім. Бірақ, нағашыларым керемет күйші болған. Шешем де даусы кең ғажап әнші еді. Ал әкем атбегі болған, оған қоса өлең де айта жүретін. Бәлкім өнер маған генетикадан дарыған болар. Басқа балалар секілді топырақта ойнап, шашып, ойыншық ойнап, елдермен бірге жүгірмейтінмін. Бос уақытым бола қалса, өзіммен өзім айға қарап, аспанға, тауға, құсқа, жапыраққа, жалпы табиғатқа қарап қиялданып балалық шағым өтіпкеткенін байқамайда қалдым. Соған өзім де таң қаламын. Кешке сабақтан қайтарда жұлдыздардың шыққанына қарап тамсанатынмын. Нарынқолдағы Қайнар ауылының қызымын ғой, ауылымның кешкі аспанының көрінісі тұп-тұнық болатын. Тау-тас пен өзен-көлге таңырқап өткен шағым мені кейіннен романтикаға алып келді. Әнші, ақын, композитор, романтик, актриса болуыма жол ашты. Сондықтан, мен балалық шағыма өте ризамын, қанағаттанамын дей аламын. Балалық шағым мені адастырған жоқ. Ал негізі, мен композитор болуды армандайтынмын. Бірақ, ауылда оған бастайтын жол болмады. Оның үстіне қыз болып бір бұралып билегенім есімде жоқ.

Қазақ даласында ер мінезді арулардың ұлтқа деген махаббаты болмысынан байқалады. Бір сұқбатыңызда куәліктегі «Нүрпейісова» деген тегіңізді тырнақпен өшіріп, «а» әрібінің артық екенін айтып, көпшілікті күлкіге көміпсіз. Бұл мінез өнерде өз жолыңызды салуға һәм өзгеден оқшау тұруға күш берген секілді...

Ол әңгіме әлі күнге айтылады. Расымен біздің заманның қалыбы бөлек болды ғой. Ол тұста мынау ер адам істейтін шаруа, мынау қыз бала істейтін жұмыс деп екіге бөлетін уақыт жоқ. Анамыз да отын жарып, су тасып, әкеміз жұмыста болғанда бар ауыр жұмысты атқарды. Еее, ол дәуірдің ыстық-суығы әлі де көз алдымызда. Мен ұл сияқты өстім ғой. Ер балалармен алысып өстік. Сондықан бұлар неге Нұрпейісов деп жазбайды деп а деген қаріптіөшіріп тастаппын. Мен 7-ші сыныпқа аяқ басарда ғана қыздың көйлегін кидім. Оғанға дейін ер балаларша киініп, еркелеп жетілдік. Мінезімізде де қыз балаға тән нәзіктік байқалмады. Өлең-жырға құмар болдық. Қай жерде той-думан сол жерде өнер көрсетуге асығатынмын. Ұялу, қысылу деген жоқ, өнеріңді көрсет десе болғаны шауып жүгіреміз.

Иә, ауылдағы жиынның Алмахансыз өтпейтінін байқадық. Бұл қасиет сіздің қазақтың тұңғыш кәсіби операторы Ескендір Тынышбаевтан бата алуыңызға септігін тигізген екен. Сол сәттен сыр тартсаңыз?

Бағыма қарай ауылда әнші қыз атанып кеткенмін, қандай шара болады, сол жердің бәріне барып ән айта беретінмін. Бір күні ауылға кино түсіретін кісілер келіпті. Сөйтіп, бір жерден су алып келе жатсам, есік алдына шабарман келіп тұр екен. Апама “Қызыңызды колхоз бастығы шақыртып жатыр” деп айтып жатыр. Оларға әнші қыз керек екен. Мен дереу жүгірдім. Бір кездеәлгі кісі “Жетісу” деген әнді білесің бе? деді.Суымды тастай салып соңына ілесе жөнелдім.Сөйтіп, олар мені қабылдап, бір тауға апарып, тастың үстіне шығарып кино түсірді. Содан кейін менә “балам сен барып колхоз бастықтарымен барып шәй іш” деп жіберді, барсам, орталарында шашын артына қайырған үлкен кісі отыр екен. Ол - Ескендір Тынышбаев еді. Сол кезде қазақтан шыққан алғашқы кәсіби операторы болатын. Мені қасына шақырып, шәй ішіп отырып бірақ ақылын айтты. “Айналайын, сен әнші болуға өте лайықсың. Алматыда эстрада училищесі ашылып жатыр. Онда Жүсіпбек Елебеков деген ағаң бар, ол сені алады. Сен Роза Жаманова деген апайыңды білесің бе, ол жаман әкесін атағын асқақтатып, Қазақстанның халық әртісі атанды. Кім біледі, мүмкін сен де сондай боларсың”, деді маңдайымнан сипап. Соған әлі күнге дейін таң қаламын, Алла қалай аузына салды десеңізші. Міне бүгінде Халық әртісі атанып, елдің қошеметіне ие болып отырмыз. Сол сапарда маған Ескендір Тынышбаев “сен Ләззат Сүйіндікова секілді әнші боласың” деп кеткен еді.Содан кейін мені бәрі ауылдың Ләззат Сүйіндіковасы деп атап кетті.

Ауылда жатып-ақ өнеріңізбен дүйім елді тамсандырыпсыз. Өнердің ордасы асқақ Алматы қалай қарсы алды?

Мен Алматының қарсы алу-алмауына қарамай, керісінше, Алматыны өзіме қаратып, өзім ұмтылып, бейімделдім. Ол жерден өз орнымды табуға тырыстым. Маған бұрынғы Алматы ұнайтын. Жайнап тұратын көгілдірағаштары көп еді, әсем таулары мен самал желі есіп тұратын. Қазіргідей қызылды-жасылды ығы-жығы шаһар емес, қарапайым Алматы жаныма жақын еді. Қазір де әрине жаман емес, заман талабына сай, ірі ғимараттар бой көтеріп, жаңашыл қырынан дамуда. Дегенмен менің бала күнімде небір алыптардың көзі тірі еді. Олардың қасында жүрудің өзі Алматыны бізге тіпті асқақ көрсететін. Енді еңсесін көтеріп келе жатқанын қаланың қарбаласы біз секілді ауыл баласына тіпті арманымызды қолымызға түсіргендей әсер беретін. Көңіл шіркін небір қызықты да қиындықты да бастан кешті ғой. Менің ұстаздарымның бәрі дүниеден өтіп кетті. Небір мықтылардың қасында жүріп, рухани азық алдық.

Ұстаз дегеннен шығады, сіз қазақ әнінің пырағы Жүсіпбек Елебековтің шәкіртісіз. Ұстазыңыз жайлы естелігіңізбен бөліссеңіз?

Ұстазым жайлы көп дүние айтар едім. Ол кісілер тарихқа өз көзімен куә болған алып тұлғалар ғой. Ашаршылықты да,қуғын-сүргінді де, саяси қысымды да, басқа да қазақтың басына салған қиыншылықтарды да жалаң аяқтарымен кешіп өткен. Біз оқып жүргенде, ұстаздарымызбізге ештеңені ашып айтпайтын. Кейін мен актерлікті бітіргеннен кейін, өткенге көз жүгіртіп, бәрін ақтарып, көзіме қайтадан елестетсем. Ол кісінің ауыр жүрісі, күрсінуі анық байқалады. Ауыр тағдырдың бәрі оның бойында тұрғанын мен кеш білдім. Ол кезде ашаршылық жайлы тіс жарғызбайды. Алаш жайлы мүлде айтылмайтын. Жүсекең терезеден Алматының күзгі жауынына қарап, “Алма әнді сен айтшы” деп маған айтқызатын. Мен барынша әнді түсініп, тереңіне үңіліп, таза айтуға тырысатымын. Сондықтан ол кісі мені бағалап, өте жақсы көрді. Ұстазымжайлы Шәкен Айманов деректі фильм түсіргенде, дәл мені жанына отырғызып алып ән салғызатынын жеткізді. Ең кереметі, өзіне жақсы шәкірттер қалдырды: Қайрат Байбосынов, көп ұзамай дүние салған Жәнібек Кәрменов. Ой, шіркін-ай Арқаның әні сызылтып айтатын нағыз Біржанның өзі еді ғой, жарықтық. Ал Қайрат Ақан жуан даусымен бұрқырататын. Олар ән айтқанды күллі қазақ даласы ұйым тыңдайтындай күйге бөленетінбіз. Олардың өздері жақсы шәкірт тәрбиелеп шықты. Осылайша менің ұстазым алып өнер деген ұғымның жолын мұра етіптабыстап кетті.

Алайда сіз ұстазыңыз көрсеткен жолмен жүрмей, әншілік өнерден театр сахнасына қадам бастыңыз. Бұл шешім тағдырыңызға қалай әсер етті?

Жалпы, бала күннен өнер адамы болғың келетінін білесің, бірақ, нақты қандай өнер екенінен бейхабарсың, түсінбейсің. Әнші де болдым, бірақ ауылда актриса деген ұғымды естімеппіз, әйтеуір әртістер келеді, соларды жүгіріп барып көресің. Сөйтіп, Алматыда әншілікті оқып жүргенде театрға бардық. Маған әншілік аз болып көрінді. Мен сөйлеп, жүріп-тұрып ішкі әлемімді шығаруым керек болды. Сөйтсем, ол актрисалық деген жол екен. Бітіргеннен кейін мен Жүсекеңнен рұқсат сұрадым. “Жүсаға, рұқсат етсеңіз мен консерваторияның актер деген факультеті бар екен, соған оқуға түссем деген ойымды жеткіздім.Шолпан Жандарбекова деген апай қабылдап жатқанында ашық айттым. Ол кісі мені әнші болады деп күткен еді. “Үй, ол менің көршім ғой, онда менің қызымды қабылдасын деп айтайын.” деді жанашырлықпен. Көп ұзамай Шолпай апайдың шәкірті болып шыға келдім. Жүсекең ақ батасын беріп, актерлік жолымның ашық болуын тіледі. Кендебай Темірбайұлымен үйленерде де алдына барып, батасын алдық.

Бір отбасында екі өнер адамы тұрып келеді. Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды дейді қазақ. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы да шоқтығы биік өнер майталманы. Отбасылық өмірді бұл қиындық тудырмады ма?Әйел болуы мен әртіс болуыдың ауырпашылығын айтсаңыз?

Мен айтатынмын, мен кейін ұлы адамға жар болуым керек, ол өмірде сондай керемет кезеңдер жасауы керек, өмірді өзгертетін үлкен болмысы болуы керек деген пікірмен өстім. Мен сондай мықты адамның өмірін өзгерту үшін мен бар күшімді саламын, қорған боламын дейтінмін. Егер өзім ешкім болмасам, жарым ұлы тұлға болуын қалайтынмын. Міне, өмірімде актер адамды кездестірдім. Біз ақылдаса келе, осы саланың ыстығына да суығына да қарамай түбіне жетеміз деп келістік. Бұл да мен үшін бақыт. Балаларымыздың бәрі шүкір, есті болып өсті. Өкінішке қарай үлкен ұлымыз 2019 жылы дүниеден өтіп кетті. Әйел бола жүріп, әртіс болуы қиын шырағым. Біз бір салада жүргендіктен үлкен түсіністікті саяладық. Бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп отырдық. Бүгінде театр әртісі болуыды армандайтын жастарды тәрбиелеп келеміз. Алды үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.

Көпке аян, Талдықорған театрының құрушылардың бірісіздер. Сол дәуірді бірсипаттап берсеңіз?

Биыл театрымызға 50 жыл толады. Алғаш болып 1975 жылы шымылдықты ашқан Шолпан апаның тобы өте талантты болатын. Енді біздерді талай өнер ордаларына шақыртты, бірақ біз осы жерден бастаған екенбіз, ешқайда кетпейміз, тарихи буын біздер, біздердің кеткеніміз жарамас деп шештік. Қазір көз қызығатын ғажап ғимаратымыз бар. Осыдан жарты ғасыр бұрын ескі театр реквизиттерін сүйретіп, қойылым қойып жүретінбіз. Өзіміздің жеке ғимаратымыз болғанша талай бөлмені тасаладық қой. Бүгінде сол қиындықтың қызығын көріп отырмыз. Біз біртоп болып келдік. Қазір сол буыннан шамалы ғала қалды. Алдымыз сексенге қарай аяқ бастық. Артымыз жетпістің желкесіне шықты. Бүгінде жас толқындар келіп жатыр. Ендігі сахна солардікі. Олар ізденсе, кітап оқыса, өздерін дамытса дейміз. Құр мәтінді жаттап алып, ойнап беру шынайы театр әртісіне жат дүние. Оқу керек, үлкен өнер оқумен ғана келеді, қарғам.

Театр деген сөз сіз үшін немен астасады?

Театр деген - біздің өміріміз. Әрине, оның ішіндегі әртістердің шала жансары да мықтысы да болады. Мәселен, автор бір роман жазса біз оның мыңын ойнаймыз. Әртіс деген бар шығармалардың қосындысы. Сахна біздің киелі мекеніміз. Онда жанымыз ашылады, рухани биік кеңістікке өтіп кетеміз. Құдды аспанда жүргендей, жерден жырақ жүргендей күйге түсеміз. Көрерменнің көңілінен шығу үшін кейіпкердің тағдырын кешеміз. Оны қайта-қайта кешу жүректің соғысымен көңілдің пернесімен келеді.

Биыл мәртебелі 75 жасқа келесіз. Өнерде жүргеніңізге жарты ғасырдан асты. Әлі де сахнаның сәнісіз. Қиын емес пе?

Бойда денсаулық, ізденіс пен құлшыныс болса, 75 деген жас ештеңе емес. Сахнада жақсы ойнап жатырмыз, киноға да түсіп жатырмыз. Біз сахнадан кеткен күні өлеміз. Сахна біздің жүрек толқынысымыз, онда біз 20-30 жасқа жасарып шыға келеміз. Саханадан түскенде байырғы қарттығымыз қайта қысады. Сондықтан сахна өмірі нағыз өмірдің жемісі секілді.

Сөз соңында соңыңыздан ерген өрендерге, жас талапкерлерге не айтар едіңіз?

Театрдағы талапкерлерге өте қатал қараймын. Себебі, олардың жиналып, ізденіп, өзін дамытыптұрғанын қалаймын. Мен театр жастар мендей жұмыс істесе екен деймін. Оларға көрсеткіш құрал боламын. Әр дайындық тыңғылықты болады, ешбірі жайдан-жай жасалған емес. Сондықтан жастар әрбір сахнадағы сөзіне, әрекетіне жіті мән беруі тиіс деп санаймын. Ауыр сөз айтатын да кездерім де болады, бірақ әршәкірт қалай түсінсе де өз еркі, есесіне, кейін сол сөздердің рахатын көреді. Кітап оқу қажет, өзін басқа кейіпкермен сынап сонымен салыстырып көруде маңызды. Үнемі бір бағытта жүре берсе адам дамымайды. Керісінше, ағысқа қарсы жүзгені жөн!

Әсерлі әңгімеңізге, рақмет!

Ақмарал ҚАЙРАТ

Өзгелердің жаңалығы