Мең мен тыртық. Қазақы наным мен хирургиялық мүмкіндік

12 Сәуір 2022, 12:38
5343
Бөлісу:
Мең мен тыртық. Қазақы наным мен хирургиялық мүмкіндік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары қоғамда қадірі өсіп, жоғары бағалана бастаған мамандықтың бірі – дәрігер. Бүгінгі таңда лазерлік хирургияның әлеуеті артып, жұртшылық тарапынан оған деген сұраныс та көбейіп отыр. Осы орайда дәрігерлер әулетінен шыққан онкохирург Сәкен Сабербековпен әңгімелескен едік. 

Бата мен бала 

Семейдің тумасы Сәкен Сабербеков дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Ол бала кезінен ата-анасы сияқты дәрігер болуды армандағанын айтады. 

Отбасы мүшелері дәрігерлер болғандықтан, кішкентай кезімнен бастап сол ортаға бейімделе бастадым. Себебі әкем түнгі кезекшіліктерге шыққанда мені ертіп баратын. Ата-анам күнде жұмыста болғандықтан, менің де балалық шағым ауруханада өтті десе болады. Сол кезден бастап, мамандыққа деген сүйіспеншілік, адамға көмектесу ықыласы ояна бастады. Анам кардиолог дәрігер болды. Оған науқастардың берген батасы, тілегі есімде сақталыпты, - деді Сәкен Оразбекұлы. 

Онкохирургтың айтуынша, 90-шы жылдары тұрмыс қиын болып, азық-түліктің тапшылығы да байқалған. 

Бірақ ауылдың адамдары анамның еңбегін бағалап, ылғи қол ұшын созып, көмектесетін еді. Осындай жағдайларды көріп, менің ықыласым арта түсті, - дейді ол. 

Осылайша, үлкендердің батасының арқасында Сәкен Оразбайұлы өмірлік кәсібі ретінде дәрігерлікті таңдайды.  

Білім мен білік

Семей қаласындағы медицина институтын жалпы және онкохирургия мамандығы бойынша бітірдім. 2017 жылы тоқ ішек ісігі бойынша кандидаттық диссертациясын қорғадым. Магистратураны онкология бойынша тәмамдадым. Қазақстанда білім алғаннан кейін маған тәжірибе жетіспейтіндей көрінді. Шетелдік тәжірибені меңгерсем деп, көлігімді сатып  шетелге кеттім. Литвада 3 жыл біліктілікті арттырдым. Ол жақта қалу бойынша ұсыныстар да болды. Бірақ мен өз елімнің азаматтарын емдеп, отандық медицинаның дамуына үлес қосқым келді, - дейді ол. 

Мең мен тыртық. Қазақы наным мен хирургиялық мүмкіндік

Сәкен Сабербеков екі жыл Германияның Гамбург қаласында онкохирургия және лазерлік хирургия бойынша интернатура мен мамандандырудан өткен. 

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «UMIT» онкологиялық томотерапия орталығында лазерлік хирург ретінде қосымша қызмет атқарамын. Неміс аппаратында жұмыс істеуді Германияда меңгердім. Ал негізігі жұмысым абдоминалды хирургия, қатерлі ісіктермен жұмыс істеймін, - деді Сәкен Орабайұлы. 

Оның айтуынша, Қазақстанда жоғарытехнологиялық аппараттарды қолдану әлеуеті зор. 

Көп орталықта мең, папиллома деген ағзаға бөгде заттарды алу ескі әдістермен алынады. Немістің лазерлік аппаратында жұмыс істеу тәжірибем болды, яғни мың адамға осы тектес оталар жасадым. Сондай аппаратты өзімізге де алсақ деген ұсынысты айттым. Осылайша, орталық лазерлік аппаратты 25 млн-ға сатып алды. Мұндай аппарат Алматы, Қарағанды және елордада ғана бар. Оның қызметі халыққа да қолжетімді болуы керек деген ойдамыз, - деді онкохирург.

Сәкен Орайзбайұлының айтуынша, бұл аппарат адамның бетіндегі мең, қал, папилломаларды тыртық қалдырмай алуға мүмкіндік береді.

Қатерлі ісікті ерте кезде байқаса, әрине, ол жазылып кете алады. Бірақ онкоесепте тұрады. 5 жыл бойы бақылауда болады, - дейді ол.

Онкохирург айтқандай, лазерлік жолмен алуға болмайтын жағдайлар кездеседі.

Егер ісік қатерлі болса, мысалы, меланома болса, онда мұндай ісіктер тек хирургиялық жолмен жойылады, бұл жағдайда лазерді қолдануға болмайды. Сондықтан дерматологтар әдетте кез келген ісіктерді алып тастамас бұрын пациенттерді онкологтардың кеңесіне жібереді. Онколог өскіннің  түрін анықтауы және оның қатерсіз екеніне көз жеткізуі тиіс,- деді ол. 

Лазерлік хирургияның артықшылығы

Лазерлік қызметке келген науқасты қабылдау кезінде  оң және теріс  көрсетілімдер анықталады, алып тастауға себеп болса,  дерматоскопия жасалады, бұл қатерсіз түзіліс және оны жою қажет деген клиникалық диагноз қойылады, түзіліс мөлшері, оның тереңдігі, терінің қай қабатында орналасқаны анықталады. Барлық параметр бойынша лазердің әсер ету тереңдігі анықталады. Көп нәрсе түзілістің орналасуына байланысты - алақанда, мысалы, тері құрылымы басқа да, беттің терісі  - басқа, мұрын-ерін қатпары секілді анатомиялық қиындықтар бар. Өте нәзік аймақ - бұл қабақ, тәжірибесі аздау  маман теріні зақымдауы мүмкін, - деді маман.

Мең мен тыртық. Қазақы наным мен хирургиялық мүмкіндік

Сәкен Оразбайұлының айтуынша, қолайсыздықты тудыратын ең көп таралған қатерсіз өскіндер - папилломалар. 

Олар кішкентай, әдетте олар көп болады, оларкөрінетін жерлерде орналасады. Папилломаларды  лазермен жою терінің беткі қабаттарында орын алады, сондықтан жазылу кезеңі өте қысқа, 2-3 күн, - деді ол. 

 Ол атағандай,  папилломаны лазермен жоюдың ең маңызды әсері - жойылған жерден жаңа папиллома қайтадан өспейді. 

Папиллома коагуляция әдісімен, яғни сұйық азотпен жойылса, ол арзанырақ болады, бірақ 100% косметикалық әсер бермейді. Тыртық  қалуы мүмкін, папилломалар қайтадан өсуі мүмкін.Сондай-ақ қатерсіз тері өскіндері арасында фибромалар, кератомалар, ангиомалар, невустар бар, - деді Сәкен Сабербеков. 

Меңнің машақаты 

Ата-бабамыз бойында қалы бар ұл баланы бақытты санап, Қалдыбай, Қалдыбек, Қалжан, Қалтай деп атаса, меңі бар қызды Меңтай, Меңдіқыз, Меңдігүл, Меңсұлу, Қалдыкүл деп атаған. 

Ақындар жырға, жазушылар әңгімелеріне, сазгерлерлер әніне қалы бар қыздарды арқау еткен екен. 

Сондай-ақ адамның бетіне, денесіне орналасқан мең, қалға қарап отырып, білгірлер бірталай дүниені болжаған. 

Әрине, тағдырын, мінезін, денсаулығын. Мең, әсіресе, жаздыкүні күндіз туған адамдарда көбірек кездеседі екен. Мұндай адамдардың денесінде ол міндетті түрде бір таңбасын қалдырады. Бірақ мең арқылы өзің туралы түсінік алып, мінез тануға немесе мінезді өзгертуге болатынын көріпкелдер бір ауыздан қоштайды. Меңнің қай жерге шығуына байланысты адамдардың мінезін де болжаған. Осындай түсініктер үшін қазақ халқы меңнің тағдырмен байланыстығы туралы айтып, лажы болса, оған тиіспеуді алға тартқан. 

Маман көпшілікті мазалайтын өте кең таралған сұрақ «меңдерді алып тастау қажет пе?» дегенге жауап берді.

Ең алдымен меңдерді алып тастауға тікелей көрсеткіштер бар екенінен бастайық: егер мең қатерсіз болса, қатерлі ісік белгілері болмаса, ол қанмен жақсы қамтамасыз етілген, тамырлар көрінісі көрінеді және ол жарақаттану ықтымалдығы жоғары аймақта орналасқан болса. Мысалы, мойын-алқым аймағында, меңді көп қозғайтын, тырнайтын немесе оған үнемі күн түсетін жерлерде орналасса алуға болады. Күн сайын күннің сәулесін көп қабылдау  меңдерді алып тастауға бағытталған  соңғы ұсыныстардың бірі. Меңдер барынша тыныштықта болуы тиіс, - дейді ол. 

Сабербеков атағандай, меңдерді алып тастаудың салыстырмалы көрсеткіші - бұл меңдер науқасқа ыңғайсыздық әкелсе немесе ол құтылғысы келетін косметикалық ақауды тудыруы.

Мең мен тыртық. Қазақы наным мен хирургиялық мүмкіндік

Сонымен қатар мең біраз уақытқа зиянсыз болуы мүмкін, бірақ содан кейін қауіп факторы іске қосылып, қатерлі өскінге айналуы мүмкін. Оған өмір салты, тұқым қуалайтын факторлар, экологиялық қолайсыз аймақтардағы өмір сүру, күн белсенділігі, иммундық жүйенің күйі, гормоналды теңгерім әсер етеді,- деді ол. 

Медицина – шығармашылық процесс

Лазерлік хирургия ғажайыптар жасай алады, ақауларды кетіріп,  керемет жаңа тері сыйлайды. Бірақ дұрыс дәрігерді және емдеу түрін таңдау өте маңызды. Сұлулық салондарының кең етек жайған кезеңінде эстетика мен ауыр медициналық процедуралар арасындағы шекара барған сайын бұлыңғырланып барады. Адамның бет-әлпетінің шырайын бұзып алмау да өзекті. Бұл үрдістің барлығы шығармашылық сияқты,- дейді ол. 

Сәкен Оразбайұлы өзінің қызметтік арманы туралы да айтып берді.

Қызметтік арманым - өз-өзімді үнемі дамыту арқылы шыңдала беру. Медицинаны шығармашылық процесс деп те айтуға болады. Әрбір науқас, індет стандартты болмайды. Үлкен клиникалық тәжірибе алғым келеді. Қазақстан қарқынды дамып, мамандардың біліктілігі артып, аудан, ауылдық жерлерге дейін медициналық қызмет қолжетімді болуы керек, - деді Сәкен Сабербеков. 

Өзгелердің жаңалығы