Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов мемлекеттік қызметшілерге қосымша еңбек демалысын беру тәртібіне қатысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қаралып жатқан заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар оң өзгеріс ұсынылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты 3-тен 10 күнтізбелік күнге дейін қосымша ақылы демалыс беру қарастырылған.
Сонымен қатар, заң жобасының 49-бабының 4-тармағында салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік қызметшілерге ұзақтығы 3 күнтізбелік күн болатын қосымша демалыс беру ұсынылған.
Осы ретте Бауыржан Смағұлов бұл норманың қалай жүзеге асатынын нақты түсіндіруді сұрады.
Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл мәселенің заң аясында реттелетінін жеткізді.
Оның сөзінше, бұған дейін спорттық іс-шараларға қатысатын мемлекеттік қызметшілерге нақты құқықтық негіз болмағандықтан, көбіне жалақысы сақталмайтын демалыс беріліп келген.
Қазіргі таңда осының барлығын заңдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларға қатысатын мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан заңды түрде босату қарастырылады. Бұл тетіктер тиісті заңнамалық және қосымша нормативтік актілер арқылы нақтыланады, – деді Дархан Жазықбай.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте мемлекеттік қызметі туралы заң бірінші оқылымда қаралды.
Осы ретте қазақстандықтарға қосымша 3 күн демалыс берілетінін еске сала кетейік.