Мемқызмет үшін қазақ тілі міндеттелмек

14 Сәуір 2023, 12:39
2617
Бөлісу:
Мемқызмет үшін қазақ тілі міндеттелмек
Фото: Еgov.kz

Мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін білу міндеттеледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасында жазылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету органдарына, т.б қызметкерлерге қызметке орналасу барысында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген. Аталған мәселені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет етіледі, - делінген тұжырымдамада.

Құжатта бұл ұсыныстың қашан қолға алынатыны көрсетілмеген. 

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінде Қытай, АҚШ, Финляндия, Оңтүстік Корея және Грузияда мектеп бітіруші түлектер жоғарғы оқу орнына түсер кезде міндетті пән ретінде өздерінің ана тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады. Бұл өз кезегінде жас буынның тілдік ортаға кедергісіз араласуына мүмкіндік беріп, ұлттық құндылықтарды бағалауына, өз елінің тілі мен мәдениетін терең ұғынуына ықпал етеді. Аталған елдер тілдік саясат мәселесін осындай тетіктер арқылы шешіп отыр, - делінген мәлімдемеде. 

Сонымен қатар қазіргі таңда  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға мемлекеттік тілді, Қазақстанның тарихы негіздерін және ұлттық заңнаманы білу қажеттігі туралы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде.

Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда қызмет ететін сала мамандарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында «ҚАЗТЕСТ» сертификатын міндеттейтін нормаларды енгізу пысықталатын болады, - делінген хабарламада. 
 

Өзгелердің жаңалығы