Мемлекеттің 100% меншігіндегі ЖОО-ларды жекешелендіруге мүмкіндік болмайды – министр

30 Сәуір 2021, 09:27
2977
Бөлісу:
Мемлекеттің 100% меншігіндегі ЖОО-ларды жекешелендіруге мүмкіндік болмайды – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда бекітетін, білім беру үшін маңызды нормалар қамтылған заң жобасы қабылданды.

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның ішіндегі министр екі тақырыпқа тоқталып өткен.

1. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзету көмегін көрсетуге мемлекеттік тапсырыс беру.

2. Мемлекеттік жоғарғы оқу орындарын мемлекет меншігінде қалдыру.

Бірінші. Соңғы уақытта ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар саны көбейіп жатыр. Осы санаттағы балалардың ерекше қажеттіліктерін анықталғаннан кейін, оларды құрдастарымен қатар оқыту үшін арнайы педагогтердің көмегі қажет, - деп жазды министр.

Ең бастысы, мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады.

Мұндай көмек алған балалар инклюзивті ортаға жақсы бейімделеді. Сонымен қатар оқу материалын әлдеқайда оңай игереді. Ал кейбіреулері ерекше көмекке мұқтаждықтан толығымен арылады. Олармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және т.б. мамандар жұмыс істейді, - деп жазды ол.
Қазіргі уақытта мұндай балалардың саны өскендіктен, арнайы орталықтар жетіспейді. Уақытылы көмек болмағандықтан, бұл ерекшеліктерді түзету және баланы білім беру ортасына қосу қиынға соғып жатыр.
Енді бұл норма мемлекеттік емес ұйымдарға осындай қажет орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік береді. Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырған едік, - деді Асхат Аймағамбетов.
Келесі мәселе университеттерге қатысты.

Жоғары оқу орындары мемлекеттік кәсіпорындардан акционерлік қоғамдарға өзгергеннен кейін академиялық ортада университеттерді жекешелендіруге байланысты түсініспеушіліктер пайда болды. Әсіресе, бұл мәселені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушылары көтерді. Аталған мәселені түпкілікті шешу үшін заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық. Енді мемлекеттің 100% меншігіндегі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге мүмкіндік болмайды, демек бұл университеттер мемлекеттің меншігінде қалады. Бұл заң жобасы енді Сенатта қаралатын болады, егер сенаторлар қолдаса, Мемлекет басшысының қарауына жіберіледі, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы