Мемлекеттік тілді жасанды интеллект саласына кіріктіру мәселесі талқыланды

12 Қаңтар 2024, 21:53
731
Бөлісу:
Мемлекеттік тілді жасанды интеллект саласына кіріктіру мәселесі талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатор Нұртөре Жүсіп пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру саласының мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті.

Кездесу барысында саладағы бірқатар өзекті мәселелер, оның ішінде отандық ғылымды дамыту, жоғары білім сапасын көтеру, сондай-ақ еліміздегі тіл саясатын дамыту мәселелері талқыланды.

Депутат жоғары білім беру мәселелеріне, оның дамуы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне Сенат басшылығы ерекше назар аударып отырғанын министрлік басшылығының назарына жеткізді. Депутат сонымен қатар тіл саясаты, атап айтқанда, мемлекеттік тілді заманауи технологияға кіріктіру мәселесіне де тоқталды.

Президент алға қойған міндеттерді орындау аясында және «Креативті индустрияны дамыту перспективалары және зияткерлік меншікті қорғаудың құқықтық тәсілдері» тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстелге дайындық барысында комитет депутаттары «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығында болды. Сапар барысында мекеме сарапшыларымен бірге креативті индустрияны дамытудың келешегін талқыладық. Ол, атап айтқанда, мемлекеттік тілді жасанды интеллект саласына кіріктіру және мемлекеттік тілді оқытудың озық тәсілдерін әзірлеу мәселесі болатын. Президент тарапынан жасанды интеллект саласын дамыту, сондай-ақ оны біздің өмірімізге кіріктіру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді Сенат пен Үкімет сіздің министрліктің атынан, оның ішінде қажетті заңнама негіздерін жасау арқылы шешу тәсілдерін бірлесіп әзірлеуі тиіс деп санаймын, - деді Нұртөре Жүсіп.

Министр өз кезегінде тіл саясатын дамытуға және осы саладағы тиісті нормативтік-құқықтық актілерді ұдайы жетілдіруге бағытталып атқарылып жатқан шаралар туралы депутатты хабардар етті.

Өзгелердің жаңалығы