Мемлекеттік сатып алу туралы заңда мерзімдерді орындамағаны және жұмыс сапасының сәйкес келмесе, жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев жалпы отырыста заң жобасының новеллаларын таныстырды.
Депутаттың айтуынша, әлеуетті жеткізуші, оның басшысы немесе құрылтайшылары бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған болса, мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды.
Сондай-ақ еншілес компаниялардың сатып алуларға қатысуын шектеу шаралары, жеткізушінің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары күшейтілді. Міндеттемелерді орындау сапасын арттыру үшін заңда қосалқы мердігерлік жұмыстың ықтимал көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартылады, - деді ол.
Сонымен қатар тапсырыс беруші жұмыс орнында тіркелген жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап етуге құқылы (жергілікті мердігерлерді қолдау).
Жұмыскерлеріне жалақысын төлемей, мерзімін өткізіп алған жеткізушілер конкурсқа қатыса алмайды. Сондай-ақ сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады. Оны ақпараттық жүйелердегі деректер мен мәліметтер негізінде веб-портал жасайды, - деп түсіндірді Қожабаев Мәжілісте.