Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілерге ChatGPT қолдануға рұқсат бар ма? – депутат жауабы

23 Қазан 2025, 13:23
582
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мемлекеттік қызметшілердің ChatGPT және өзге де жасанды интеллект жүйелерін қолдануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, мұндай құралдарды пайдалануға тыйым салу жоспарланып отырған жоқ. Алайда қызметтік және құпия ақпаратты қорғауға қатысты қатаң талаптар бар.

Белгілі бір топтарға "мынаған болады, мынаған болмайды" деп шектеу қою – тиімсіз. Сандық кеңістікте тыйым салу тетігі онша жұмыс істемейді. Сондықтан бұған ақылмен қарау қажет. Егер бұл мемлекеттік орган болса, тікелей тыйым жоқ. Бірақ ақпарат қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық ортақ талаптар бар, – деді депутат.

Депутаттың мәліметінше, ChatGPT мен оған ұқсас платформаларды қоғамдық кеңістік ретінде қабылдау қажет. Сол себепті мемлекеттік қызметшілер оларды қолданғанда басқа ашық цифрлық сервистермен жұмыс істеудегідей ережелерді ұстануы тиіс.

Біз ChatGPT-ті қоғамдық орта сияқты қабылдаймыз, яғни көршіңмен сөйлескендей. Ол сіздің айтқаныңызды әрі қарай жеткізе ме, жоқ па – бұл енді оның ар-ұятына байланысты. Бірақ мұнда да қызметтік ақпаратқа қатысты ережелер бірдей қолданылады. Онда "грифі бар" құжаттарды немесе құпия мәліметтерді енгізуге, жабық ақпаратты беруге болмайды, – деді депутат.

Сонымен қатар ол жаңа "Жасанды интеллект туралы" заң жобасында интернетке қосылмайтын, жабық кеңістікте жұмыс істейтін жергілікті жасанды интеллект жүйелерін дамыту қарастырылған.

Біз заңға жергілікті жасанды интеллект жүйелерінің институтын енгіздік. Бұл – тек жабық ортада жұмыс істейтін және тек біздің деректеріміз негізінде үйретілетін жүйелер. Олар салалық әрі ұлттық стандарттарға сүйенеді. Мұндай жүйелерді маңызды талдамалық шешімдер қабылдау үшін қауіпсіз түрде қолдануға болады, – деп түсіндірді Смышляева.

Депутат мемлекеттік органдар байланыс және коммуникация жүйелерін ұлттық деңгейге көшіру бағытында да жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты. Бұл деректер қауіпсіздігін күшейтіп, шетелдік платформаларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

ChatGPT сияқты ашық жүйелерді қолдануға болады, бірақ қолданыстағы ережелерді қатаң сақтау қажет. Ал жабық, жергілікті шешімдер ішкі деректермен қауіпсіз жұмыс істеуге жол ашады. Қазір хабар алмасу жүйелерін ұлттықтандыру жүріп жатыр. Жақын арада бұл мәселе де шешіледі деп ойлаймын, – деді Екатерина Смышляева.

Еске сала кетейік, Алдағы бес жылда 2,5 млн қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін екені жайлы жаздық. Оның ішінде 1 миллионға жуық маманның қызметі дәл жасанды интеллект технологияларының енгізілуі себебінен автоматтандырылуы ықтимал.

Өзгелердің жаңалығы