Мемлекеттік қызметшілер Түркияда тағылымдамадан өтті

14 Мамыр 2024, 17:53
1472
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметшілер Түркияда тағылымдамадан өтті
Фото: Мемлекеттік басқару Академиясы

Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер тәжірибе алмасу және біліктілігін арттыру мақсатында Түркияда тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

5 күндік тағылымдама Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адам ресурстарын басқару жөніндегі офис арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Тағылымдамаға еліміз бойынша 6 өңірдің 13 мемлекеттік қызметшісі қатысты.

Тағылымдамаға қатысып келген Абай облысы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев кәсіби дағдыларын арттырып келгенін айтты.

Тағылымдама барысында мемлекеттік аппараттың қызметімен жеке танысуға, тікелей орындаушылармен және Түркияның жекелеген мемлекеттік органдарының басшылығымен пікір алмасуға мүмкіндік туды. Тағылымдама жоғары деңгейде ұйымдастырылды және нәтижелі өтті.  Сондай-ақ тағылымдама аясында Түркия мемлекеттік аппаратының басқару жүйесімен, жергілікті әкімдіктердің, салалық министрліктердің қызметімен тереңірек таныстым. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына бізге кәсіби дағдыларымыз бен құзыреттерімізді арттыруға, білімдерімізді кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін, – деді мемлекеттік қызметші.

Тағылымдама бағдарламасына сай делегация HR Кеңсесінің қызметімен, цифрлық жүйені пайдалана отырып, Түркияның адами ресурстарды басқару саласындағы тәжірибесімен танысты. Министрліктер мен ведомстволық бағынысты ұйымдарда, Анкара және Каппадокия қалаларының губернаторларымен бірқатар кездесу өткізілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер үшін Түркияның Ішкі істер министрлігіне қарасты Апаттар мен төтенше жағдайларды басқару кеңсесінде (AFAD) су тасқыны, жер сілкінісі кезінде әрекет ету, құтқару операцияларын жүзеге асыру бойынша практикалық дәріс өткізілді.

Қатысушылар Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің қызметімен де танысты. Тағылымдама нәтижесі бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы ортақ іс-шаралар мен жобаларды іске асыру туралы келісілді.

Өзгелердің жаңалығы