Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілер енді кәсіпкерлікпен айналыса ала ма?

Жансая ҚАМБАР
Кеше, 13:30
650
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңның негізгі бағыттарының бірі – 2023 жылғы 13 маусымдағы конституциялық соттың нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымды ескере отырып әзірленген “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заңға енгізілген өзгерістер. Атап айтқанда, егер мұндай шектеу конституциялық тұғырды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адам құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсаттарымен негізделмесе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салу алынып тасталды.

Конституциялық сот кәсіпкерлік қызметті шектеу дифференцияланған болуы және лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты айқындалуы тиіс екенін атап өтті.

Осы конституциялық сот шешімін іске асыру мақсатында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заңның 13-бабынан мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салу нормасы алып тасталды.

Оларға мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік кәсіпорындарда және квазимемлекеттік сектордың өзге де субъектілерінде басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, сондай-ақ көлік жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар жатады.

Олар айналысатын кәсіпкерлік қызмет мүдде қақтығысына апармаса, екіншіден, өзінің лауазымды жұмысын атқаруға кедергі етпесе және мемлекеттік мүлікті заңсыз пайдалануға жол берілмесе, осы үш жағдайда ғана мемлекеттік қызметкерлердің жеке кәсіппен айналысуына болады, - деп түсіндірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.

Сонымен қатар, Заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуына жол берілмейтін жағдайлар бекітілген. Атап айтқанда, егер мұндай қызмет лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдалануға әкеп соқса немесе мүдделер қақтығысын тудырса, мұндай қызметке тыйым салынады.

Бұл ретте аталған тұлғалар бұрынғыдай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының субъектілері болып қала береді, мемлекеттік қызметшілермен тең дәрежеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның бақылауында болады және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықта болады.

Осыған орай, оларға қаржылық бақылау шаралары, мүдделер қақтығысының алдын алу жөніндегі талаптар, сондай-ақ туыстарымен бірлесіп қызмет атқаруға тыйым салу нормалары қолданылады.

Тиісінше, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде белгіленген шектеулерді бұзу, оның ішінде қызметтік мүлікті пайдалану немесе мүдделер қақтығысы жағдайында қызмет атқару фактілері анықталған жағдайда, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босату түріндегі жауаптылық көзделген.

Айта кетейік, аталған заң конституциялық соттың нормативтік қаулыларын іске асыру мақсатында әзірленіп, заңнаманы конституцияға сәйкестендіруге, жария және жеке мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы