Мемлекеттік қызметші депутаттармен бірлесіп 672 млн теңге жымқырған

Кеше, 16:20
469
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметші депутаттармен бірлесіп 672 млн теңге жымқырған
Фото: Арман Мухатов - архив

Мұғалжар ауданының құрылыс бөлімінің басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Мұғалжар ауданының құрылыс бөлімінің басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған көппәтерлі тұрғын үй түріндегі 70 пәтерлі жатақхананы сатып алу арқылы 672 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.

Тергеу соты күдіктілерге қатысты қамауда ұстау және үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шараларына санкция берді.

Тергеу аясында күдіктілердің 640 млн теңгеден астам сомаға ақшалай қаражаты мен түрлі мүлкіне тыйым салынды.  

Бұдан басқа, тергеу шеңберінде 359 млн теңге сомасында материалдық залал өз еркімен ішінара өтелді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Өзгелердің жаңалығы