- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады: 2026 жылы үміткерлер нені білуі керек?
Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады: 2026 жылы үміткерлер нені білуі керек?
Конкурстық іріктеу рәсімдерінің цифрландырылуы мемлекеттік қызметке қабылдау мерзімін қысқартып, жұмысқа орналасу процесін едәуір жеңілдетті.
Бүгiн 2026, 17:41
2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Енді барлық конкурстық рәсімдер eQyzmet жүйесі арқылы цифрлық форматта жүргізіледі, іріктеу мерзімі бір аптаға дейін қысқартылды, ал қажетті құжаттардың басым бөлігі онлайн түрде тапсырылады. BAQ.KZ тілшісі мемлекеттік органдарда еңбек жолын бастауды жоспарлап жүрген азаматтарға арналған толық нұсқаулық дайындады.
Мемлекеттік қызметке кімдер қабылдана алады?
Мемлекеттік қызметке 18 жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Үміткер нақты лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Яғни, қажетті білім деңгейі, кәсіби дағдылары және қызметтік міндеттерді атқаруға мүмкіндік беретін денсаулық жағдайы болуы қажет.
Сонымен қатар заңнамада бірқатар шектеулер қарастырылған. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған, соттылығы өтелмеген немесе алынбаған азаматтар, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар мемлекеттік қызметке қабылданбайды.
Бос жұмыс орындарын қайдан іздеуге болады?
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жарияланатын конкурстар eQyzmet.gov.kz порталында орналастырылады. Мұнда орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінің бос жұмыс орындары жарияланады.
Сондай-ақ ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында және Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді. Үміткерлер eQyzmet жүйесі арқылы конкурсқа қатысуға өтінім беріп, құжаттарының қаралу барысын бақылай алады.
Бірінші кезең: заңнаманы білуге арналған тестілеу
Үміткер тестілеуден конкурсқа құжат тапсыруға дейін немесе құжат қабылдау кезеңінде өте алады. Тестілеуді eQyzmet платформасы арқылы онлайн немесе арнайы тестілеу залдарында тапсыру мүмкіндігі бар.
Тестілеу барысында келесі құжаттар бойынша білім тексеріледі:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы;
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы;
- Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі.
Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тест өткізіледі.
Тестілеуден сәтті өту үшін заңнама бөлімі бойынша кемінде 30 дұрыс жауап беру және әр нормативтік құқықтық актіден кемінде бес дұрыс жауап жинау қажет. Алынған сертификат бір жыл бойы жарамды.
Екінші кезең: жеке қасиеттерді бағалау
Тестілеуден кейін үміткерлердің жеке қасиеттері бағаланады. Бағалау бағдарламасы лауазым санатына қарай ерекшеленеді.
Басшылық лауазымдарға үміткерлердің көшбасшылық қабілеті, стратегиялық ойлау деңгейі, коммуникациялық дағдылары мен жауапкершілігі бағаланады.
Ал басшылыққа жатпайтын лауазымдарға аналитикалық ойлау, нәтижеге бағдарлану және әдеп нормаларын сақтау сияқты қасиеттерге басымдық беріледі.
Төменгі лауазымдарға жұмыс өтілін талап етпейтін конкурс кезінде логикалық ойлау қабілеті, эмоционалдық интеллект және құндылық бағдарлары тексеріледі. Бағалау қорытындысы да бір жыл бойы жарамды.
Қандай құжаттар қажет?
Барлық құжаттар eQyzmet жүйесі арқылы электронды форматта тапсырылады. Тіркелгеннен кейін үміткердің электрондық түйіндемесі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде автоматты түрде қалыптастырылады.
Қажет болған жағдайда келесі құжаттарды жүктеу керек:
- білім туралы құжаттар және олардың қосымшалары;
- еңбек кітапшасы, қызметтік тізім немесе еңбек өтілін растайтын өзге де құжаттар;
- вакансия талаптарына сәйкес болса, қосымша біліктілікті растайтын сертификаттар.
Кадр қызметі ұсынылған мәліметтерді тексеріп, үміткерді конкурстың келесі кезеңдеріне жіберу туралы шешім қабылдайды.
Конкурс қалай өтеді?
Конкурстық іріктеу тәртібі лауазым санатына байланысты өзгереді.
Басшылық лауазымдар үшін:
Екі кезең қарастырылған:
- эссе жазу;
- әңгімелесу.
Эссе eQyzmet жүйесі арқылы онлайн форматта жазылады. Үміткерге лауазымның функционалдық міндеттеріне қатысты тақырып бойынша 250 сөзге дейінгі мәтін дайындауға 45 минутқа дейін уақыт беріледі.
Келесі кезеңге ең жоғары нәтиже көрсеткен бес үміткерге дейін жіберіледі.
Әңгімелесу бейнебайланыс арқылы өткізіледі. Конкурстық комиссия үміткердің кәсіби біліміне, жұмыс тәжірибесіне, дағдыларына және лауазым талаптарына сәйкестігіне баға береді. Сұхбаттың ұзақтығы 15 минутқа дейін созылады.
Эссенің орнына практикалық тапсырмалар
Басшылыққа жатпайтын және төменгі лауазымдарға үміткерлер үшін эссе мен сұхбаттың орнына практикалық бағалау жүргізіледі.
Үміткерлерге:
- талдамалық жазба әзірлеу;
- азаматтың өтінішіне ресми жауап дайындау;
- қызметтік хат немесе сұрау салу жазу;
- жалпы дүниетанымы мен мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігін түсіну деңгейін анықтайтын тапсырмаларды орындау ұсынылуы мүмкін.
Тапсырмаларды орындауға екі сағатқа дейін уақыт беріледі. Бағалау толықтай қашықтан, eQyzmet жүйесі арқылы жүргізіледі.
Жеңімпаз қалай анықталады?
Конкурстың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін комиссия үміткерлердің нәтижелерін бағалайды. Ең көп ұпай жинаған қатысушы жеңімпаз деп танылады.
Рәсімнің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін үміткерлерге жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Сонымен қатар бірқатар кезеңдерде прокторинг жүйесі қолданылады.
2026 жылы қандай өзгерістер енгізілді?
Биылғы басты жаңалық – конкурстық рәсімдердің толық цифрландырылуы. Бұрын мемлекеттік қызметке қабылдау бірнеше аптаға созылса, қазір конкурстың орташа ұзақтығы 5-7 жұмыс күнін ғана құрайды.
Құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қалыптастырылады, өтінімдер онлайн қабылданады, ал тестілеу мен конкурстық кезеңдерді еліміздің кез келген өңірінен қашықтан тапсыруға болады.
Бұл өзгерістер бюрократиялық рәсімдерді азайтып, мемлекеттік қызметке қабылдау процесін анағұрлым ашық, жылдам әрі қолжетімді етті.
Тағы оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызмет қалай өзгеріп жатыр? Жаңа заң, цифрландыру және кадр резервінің мүмкіндіктері
Ең оқылған:
- Қыркүйектен бастап мұғалімдер мен оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр?
- «Шұғыл ақша керек»: Шымкентте интернет-алаяқтар тобы ұсталды
- Қазақстанда аптап ыстық қашан басылады? Синоптиктер болжам жасады
- ЖИ-сурдоаудармашы және e-Ymdau: Үкімет ымдау тіліне қатысты жағдайды түсіндірді
- 8000 адам қатысты: Димаш Құдайберген жаңа клипінің түсірілімінде ұшақты өзі басқарды
Аида БАТУХАН